Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Тоқаев әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакинамен кездесіп, оны III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады

    Елена Рыбакина және Қасым-Жомарт Тоқаев
    Елена Рыбакина және Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық теннисиші Елена Рыбакинамен кездесті, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаны АҚШ ашық чемпионатындағы жарқын жеңісімен және теннистен "әлемнің бірінші ракеткасы" мәртебесіне ие болуымен құттықтаған.

    Мемлекет басшысы тарихи мәні зор осынау табыс отандық спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосқанын атап өткен.

    "Сіздің жеңістеріңізден кейін балалардың тенниске қызығушылығы артып, секцияларға көптеп жазылады. Олар да чемпион болғысы келеді. Жас өрендерге өнеге көрсетіп отырсыз. Бұл – өте оң үрдіс. Өскелең ұрпақты спортқа баулу керек, өйткені бұл олардың келешегі үшін өте маңызды. Үш бірдей Үлкен дулыға турниріндегі жеңісіңіз теннис жылнамасына өшпестей болып жазылды. Мұнымен тоқтамай, алда әлі талай асуды бағындырасыз деп сенемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Елена Рыбакинамен кездесу
    Елена Рыбакинамен кездесу. Фото: Ақорда

    Президент Елена Рыбакинаның адами қасиеттеріне айрықша тоқталған.

    "Сіз кортта да, жұртшылық ортасында да байыптылығыңызды байқатасыз. Ішкі мәдениетіңіз жоғары екенін үнемі айтып жүремін. Қазақстанды спортқа, әсіресе, тенниске қолдау көрсететін өркениетті әрі дамыған мемлекет ретінде таныту тұрғысынан мұның маңызы өте зор", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Елена Рыбакина мемлекет басшысына өзін ұдайы қолдағаны, сондай-ақ Қазақстанда үлкен теннистің дамуына айрықша қамқорлық көрсеткені үшін шынайы ризашылығын білдірген.

    Елена Рыбакина және Қасым-Жомарт Тоқаев
    Елена Рыбакина және Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

    Сондай-ақ әлемнің бірінші ракеткасы Қазақстан атынан өнер көрсетуді мақтан тұтатынын мәлімдеген. Теннисші алдағы уақытта да жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жанкүйерлерін жаңа жеңістермен қуанта беруге ниетті.

    Президент Қасым-Жомарт Тоқаев спорттағы ерен жетістіктері және Қазақстанда теннистің дамуы мен насихатталуына қосқан үлкен үлесі үшін Елена Рыбакинаны III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады.

    III дәрежелі "Барыс" ордені
    III дәрежелі "Барыс" ордені. Фото: Ақорда

    Естеріңізге сала кетейік, Елена Рыбакина маусымның соңғы ірі турнирінде чемпион атанып, өз мансабында үшінші "Үлкен дулыға" титулын жеңіп алды. US Open жарысының қорытындысы бойынша Рыбакина алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанды.

    Тоқаев әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакинамен кездесіп, оны III дәрежелі "Барыс" орденімен марапаттады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram