Азия ойындары: өзбекстандық екі спортшы допинг-тесттен өте алмады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында өзбекстандық екі спортшы допинг-бақылаудан өте алмады, олар жарыстан шеттетілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Sports.kz ақпаратына сәйкес, алдымен Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) өзбекстандық ММА спортшысы Нодирбек Шавкатовтың допингке қарсы ережелерді бұзды деген күдікке ілінгенін хабарлаған.
22 қыркүйекте Жапонияда жарыстан тыс допинг-бақылау кезінде алынған сынамадан мельдоний табылған.
Шавкатов іс шешілгенге дейін уақытша шеттетілген. Шеттетілген кезеңде спортшыға жарыстарға, жаттығуларға, бапкерлік қызметке және 2026 жылғы Азия ойындары аясындағы кез келген басқа іс-шараларға қатысуға тыйым салынады.
Спортшы уақытша шеттетуді Спорттық арбитраж сотының допингке қарсы бөлімінде (CAS ADD) даулауға, сондай-ақ B сынамасын талдауды сұратуға құқылы.
Айта кетейік, 2026 жылғы Азия ойындарында Шавкатов "Modern" стилінде 71 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Жартылай финалда ол Қазақстан өкілі Қадырбек Шынбаевтан 0:3 есебімен ұтылып, турнирдің қола жүлдегері атанған болатын.
Sportarena.kz ақпараты бойынша, Өзбекстанның тағы бір спортшысы допинг-бақылаудан өте алмаған – каноэде есуші Павел Эйгельдің сынамасынан триметазидин табылған.
Бұл заттың жарыс кезінде де, жарыстан тыс кезеңде де қолдануға тыйым салынғаны және арнайы емес тыйым салынған субстанцияларға жататыны атап өтілді.
Сынаманы ITA мамандары 2026 жылғы 23 қыркүйекте Жапонияда жарыстан тыс допинг-бақылау аясында алған.
Спортшыға анықталған ереже бұзушылық туралы ескертілген және ол тексеру аяқталғанша уақытша жарыстардан шеттетілген. Сонымен қатар спортшы бұл шешімге шағым түсіре алады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nursport.kz/other-sports/2435006-aziia-oiyndary-ozbekstandyq-eki-sportshy-doping-testten-ote-almady/
