"Пәтерімді саттым": 14 жасында гроссмейстер атанған қазақстандық туралы не білеміз
Жарияланған күні:

14 жасында халықаралық гроссмейстер атанған Эдгар Мамедов шахмат ойынын бес жасынан бері серік етіп келеді. Бүгінде ол – халықаралық аренада ел намысын қорғап жүрген жас спортшы, деп хабарлайды Almaty телеарнасының "Жеңімпаз ұлт" айдары.
Эдгар үшін шахмат әлеміне жол небәрі бес жасында ашылған. Содан бері зияткерлік ойын өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Сол қызығушылық жыл өткен сайын үлкен нәтижеге ұласты. Қазақстан чемпионаттарындағы жеңістер, Азия және әлемдік жарыстардағы жүлделер — Эдгардың есімін жас шахматшылар қатарында таныта бастады. 2023 жылы ол Маңғыстау облысының жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында алтын алған алғашқы шахматшысы атанды. 2024 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді. Ал 2025 жылы Албанияда өткен байрақты бәсекеде 16 жасқа дейінгі санатта топ жарып, чемпион атанды. Бірақ Эдгар үшін сол жеңістердің ішіндегі ең маңызды белестердің бірі — халықаралық гроссмейстер атағына жеткен сәт.
"Турнирдегі үшінші норманы орындаған кезде жағдай өте күрделі болды. Қажетті 2600 ұпайлық перформансқа жету үшін қатарынан екі партияда да жеңуім керек. Оның үстіне, екеуінде де қара түспен ойнап, гроссмейстерлерді жеңу қажет болды. Жалпы турнир барысында 6 шахматшымен сайысқа түстім. Бұл оңай болған жоқ. Бірақ жеңіске жеттім.
Әсіресе соңғы партия алдында қатты толқыдым. Өйткені Үндістаннан келген өте мықты шахматшымен қара түсте ойнадым. Оны да жеңіп, сол сәтте эмоциямды ұстай алмадым. Қазақстанның ең жас гроссмейстері атану мен үшін, әрине, үлкен мақтаныш. Мен осы мақсатқа жету үшін көп еңбектендім", - деп бөлісті халықаралық гроссмейстер Эдгар Мамедов.
Шахмат мансабындағы жол - темірдей тәртіп пен психологиялық төзімділікті талап ететін күрделі процесс. Өйткені, чемпиондық атақ пен әр медальдың ар жағында көзге көріне бермейтін күнделікті еңбек бар. Мәселен, сағаттап шахмат тақтасының алдында отыру, партияларды талдау, қателіктерді қайта қарап, жаңа қарсыластың ойын мәнерін зерттеу керек. Ал Эдгардың мұндай жетістікке жетіп, мыңнан үздік шығуына анасының шексіз қолдауы мен ерік-жігері себеп болған.
"Эдгар сегіз жасқа келгенде Қазақстан чемпионатына алғаш рет бардық. Сонда рапидтен жеңімпаз атанды. Өзіміз де таңғалдық, өйткені ол кезде шахматпен тұрақты түрде көп айналысып жүрген жоқ еді. Сол кезде бірнеше жаттықтырушы Эдгардың бойында үлкен қабілет барын айтып, әрі қарай дамыту керек деген кеңес берді.
Содан кейін Астанаға көштік. Біраз уақыт сол жерде тұрдық. Бірақ баланың кәсіби деңгейде дамуы үшін қаржы қажет екенін түсіндік. Өзіміз демеуші таба алмадық. Сондықтан Астанадағы пәтерімді сатуға тура келді. Сол қаражатқа жаттықтырушылар жалдап, Эдгардың дайындығын жалғастырдық. Менің ең үлкен арманым - Эдгардың әлем чемпионы атануы", - деді анасы Гүлнәр Мамедова.
"Мен үшін анамның қолдауы ерекше. Онсыз ешқандай жетістікке жетпес едім. Сондай-ақ, үнемі әр жеңісім үшін қуанатын алғашқы жаттықтырушым Шайхымов Әнуар Ескендірұлы бар. Маңғыстау облысының әкімдігі, Қазақстан Шахмат Федерациясына да айрықша алғысымды айтамын. Мендегі талантты көргеннен-ақ, мені ылғи демеп отырады. Менің бұл салада тұрақты түрде кәсіби дамуыма әсер етіп келеді", - деп қосты Эдгар.
Одан бөлек, ол физикалық дайындықтың да маңызды екенін айтады. Сондықтан, бала күнінен футбол алаңында доп теуіп, денесін шынықтырады. Ал соңғы уақытта былғары қолғап киіп, бокспен айналысуды бастаған. Сөзінше, зияткерлік қабілетті дамыту үшін ақыл ғана емес, дененің саулығына да көңіл бөлу қажет.
Шахмат Эдгардың өміріне бала кезінен еніп, бүгінде оның үлкен мақсаттарына бастайтын жолға айналған. Ендігі межесі — рейтингін 2700-ге жеткізу. Қазақстаннан әзірге мұндай көрсеткішке жеткен гроссмейстер жоқ. Ал Эдгар үшін бұл жай ғана сан емес, әлемнің үздік елу шахматшысының қатарына енуге мүмкіндік беретін маңызды меже.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nursport.kz/other-sports/2434788-paterimdi-sattym-14-zhasynda-grossmeister-atangan-qazaqstandyq-turaly-ne-bilemiz/
