Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Тоқаев Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының күміс жүлдесін иеленген қазақ қыздарын құттықтады

    Шахматтан Қазақстан құрамасы
    Шахматтан Қазақстан құрамасы. Фото: Спортты дамыту дирекциясы

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқандта өткен Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында екінші орын алған қазақ қыздарын құттықтады. Бұл туралы президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияровқа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

    Президент құттықтауында қазақ қыздары әлемдегі ең мықты, әйгілі команда – Қытай құрамасына ғана есе жіберіп, үлкен нәтиже көрсеткенін айтқан.

    Сондай-ақ даңқты шахматшы Бибісара Асаубаева бастап барған Қазақстан құрамасы беделді турнирдің бірде-бір ойынында жеңілмегенін атап өткен.

    "Мұны шахмат сарапшылары үлкен жетістік ретінде бағалап отыр. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев біздің шахмат шеберлері өткен олимпиададағы табысты жолын жалғастырғанына назар аударды. Қазақстан командасы сол кезде де екінші орынға табан тіреген еді. Бұл спортшыларымыздың деңгейі биік, талантты, еңбекқор екенін, сондай-ақ отаншылдықты нақты іспен дәлелдей алатынын көрсетеді", - делінген хабарламада.

    Мемлекет басшысы шахматшы қыздарға толайым табыс, зор денсаулық және бақ-береке тілеген.

    Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы әйелдер арасындағы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында екінші рет қатарынан күміс жүлдеге ие болды. Соңғы 11-турда ұлттық құрама Польшамен кездесті. Тартысты бәсеке 2:2 есебімен тең аяқталды.

    Тоқаев Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының күміс жүлдесін иеленген қазақ қыздарын құттықтады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram