Бибісара Асаубаева Үндістанда алғашқы жеңісіне жетіп, арнайы жүлде алды
Жарияланған күні:

Шахматшы Бибісара Асаубаева Үндістанның Бангалор қаласында өтіп жатқан Tech Mahindra Global Chess League турниріндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды 1bol.kz.
Сегізінші турда Асаубаева өнер көрсететін FYERS American Gambits командасы Ganges Grandmasters ұжымын 13:5 есебімен жеңді. Қазақстандық шахматшы ресейлік Полина Шуваловаға қарсы ойнап, қарсыласынан басым түсті. Бұл жеңіс команда қоржынына үш ұпай әкелді.
Асаубаева мен Шувалова жарыстың алғашқы айналымында да кездескен еді. Ол партияда ресейлік шахматшы жеңіске жеткен болатын. Қарымта ойында қазақстандық спортшы есе қайтарып қана қоймай, командалық кездесудің үздік ойыншысы атанды. Оған арнайы марапат табысталды.
Бұл — Асаубаеваның турнирдегі сегіз партиядан кейінгі алғашқы жеңісі. Бұған дейін ол төрт рет тең ойнап, үш кездесуде жеңіліп қалған еді. Қазір қазақстандық шахматшының еншісінде бір жеңіс, төрт тең ойын және үш жеңіліс бар.
Tech Mahindra Global Chess League жарысы 5 қыркүйекте басталды. Алты команда қатысып жатқан турнирдің финалы 13 қыркүйекте өтеді. Жарыстың жалпы жүлде қоры — 1 миллион доллар.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nursport.kz/other-sports/2426514-bibisara-asaubaeva-undistanda-algashqy-zhengisine-zhetip-arnaiy-zhulde-aldy/
