Айтолқын Адырбай
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    Шорт-трекші Абзал Әжіғалиев спорттағы мансабын аяқтады: спортшы мәлімдеме жасады

    Абзал
    Абзал Әжіғалиев. Фото: Ұлттық Олимпиада комитеті/Владислав Семенов

    Шорт-тректен Қазақстан құрамасының белді спортшысы Абзал Әжіғалиев кәсіби спорттағы мансабын аяқтайды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

    Бұл туралы спортшы Instagram желісіндегі парақшасында жазды.

    "Құрметті жанкүйер! Сіздерге өмірімде болып жатқан маңызды өзгерістер жайлы айтуды жөн көрдім.

    Мен шорт-трекпен алғаш рет 24 жыл бұрын таныстым. Сол күннен бастап бұл спорт өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Ал 2009 жылдан бастап Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ел намысын қорғау бақыты бұйырды.

    Осы жылдар ішінде бүкіл дистанцияда Қазақстан чемпионы атана алдым. Еліміздің тарихындағы алғашқы Әлем кубогының алтын медалін жеңіп алып, халықаралық жарыстарда талай рет жеңіс тұғырына көтерілдім. Төрт Олимпиада ойындарына қатысып, екі мәрте Қазақстан Туын Олимпиада аренасына алып шығу құрметіне ие болдым. Мен үшін бұл ең үлкен мәртебе.

    Спорт маған тек жарысуды емес, мінез, тәртіп, төзім және Отан алдындағы жауапкершіліктің не екенін үйретті. Осы жолда мен әр жарыс сайын Қазақстанның абыройын асқақтатуға бар күш-жігерімді салдым.

    Биыл кәсіби спортшы ретіндегі мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдадым.

    Кез келген спортшының жолында жаңа белеске қадам басар сәті келеді. Мен үшін дәл сондай кезең басталды. Осы жылдардың әр сәтіне ризамын. Басып өткен жолыма көз жүгіртсем, жүрегімді өкініш емес, шексіз алғыс пен мақтаныш сезімі кернейді. Енді сол жолдың жалғасын жаңа міндетпен жалғастыратын уақыт келді.

    Алдағы мақсатым – осы жылдар бойы жинаған тәжірибем мен білімімді Қазақстан спортының дамуына арнау. Ұлттық құраманың жанынан табылып, жас спортшыларға бағыт-бағдар беріп, Қазақстан шорт-трегінің болашағы үшін еңбек етуді өзімнің азаматтық әрі спорт алдындағы парызым деп білемін. Мен үшін ең маңыздысы – келесі буынның бұдан да биік белестерді бағындыруы.

    Осы жылдар бойы сенім білдіріп, қолдау көрсеткен отбасыма, бапкерлеріме, командаластарыма, дәрігерлерге, мамандарға және бірге еңбек еткен барша жанға шынайы алғысымды білдіремін.

    Қуанышымды да, жеңілісімді де бірге бөліскен әр жанкүйерге рақмет. Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз маған әрдайым ерекше күш беретін. Алдағы уақытта да командамызды қолдап, шорт-трек спортын ұмытпауларыңызды сұраймын.

    Ал менің спорттағы миссиям аяқталған жоқ. Тек енді ол жаңа деңгейде жалғасады", - деп жазды ол.

    Шорт-трекші Абзал Әжіғалиев спорттағы мансабын аяқтады: спортшы мәлімдеме жасады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram