Шымкенттегі турнирде Қазақстан құрамасы 11 алтын алып, топ жарды
Жарияланған күні:
Шымкент қаласында жеңіл атлетикадан XXXV Qosanov Memorial World Athletics Continental Tour Bronze Level халықаралық турнирі мәресіне жетті. Екі күнге созылған дүбірлі дода қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 11 алтын, 13 күміс және 18 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды, деп хабарлайды Жеңіл атлетика федерациясы.
Екінші орын Өзбекстан құрамасына тиесілі болса, үздік үштікті Қырғызстан спортшылары түйіндеді.
Қазақстан құрамасы сапында Мария Ефремова (ұзындыққа секіру және үш қарғып секіру), Максим Балабин (сырықпен секіру), Аделина Земс (400 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Вячеслав Земс (400 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Ефим Тарассов (400 метрге жүгіру), Аяна Болатбекқызы (1500 метрге жүгіру), Кристина Минковская, Мария Щипачева, Анастасия Кононович және Елизавета Якименко (4×100 метрлік эстафета), Рамазан Шаиев (800 метрге жүгіру), Полина Иванова (сырықпен секіру) мен Ақбілек Құралбай (5000 метрге жүгіру) жеңімпаз атанды.
Турнир барысында бір жарыс рекорды жаңартылды. Ерлер арасындағы 1500 метрге жүгіруде Қырғызстан өкілі Нұрсұлтан Кенешбеков 3:43.51 нәтиже көрсетіп, өзіне тиесілі 2021 жылдан бері сақталып келген жарыс рекордын жаңартты.
Биылғы халықаралық турнирге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Малайзия, Иран, Египет, Сауд Арабиясы, Әзербайжан және Грузиядан 250-ге жуық спортшы қатысты.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nursport.kz/other-sports/2395618-shymkenttegi-turnirde-qazaqstan-quramasy/