Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Лос-Анджелес Олимпиадасы: волонтерлерді қабылдау қашан басталады

    Олимпиада сақинасы
    Олимпиада сақинасы. Фото: Photo by Sean M. Haffey/Getty Images

    2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындарын ұйымдастыру комитеті волонтерлік бағдарламаға өтінім қабылдау қашан басталатынын жариялады. Бұл туралы ҚР ҰОК сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

    Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, кандидаттарды тіркеу 2026 жылғы 14 шілдеде, Олимпиаданың ашылу салтанатына дәл екі жыл қалғанда басталады.

    Ресми ақпаратқа сәйкес, волонтерлік корпустың құрамына шамамен 60 мың адам енеді. Олар Олимпиада және Паралимпиада ойындары кезінде әлемдегі ең ірі көпсалалы спорттық іс-шараны ұйымдастыруға көмектеседі.

    Болашақ волонтерлер спортшылар мен қонақтарды қарсы алып, оларға бағыт-бағдар береді, спорт нысандарындағы көрермендерге көмектеседі, навигациялық қызмет атқарады, сондай-ақ медициналық сүйемелдеу мен аударма сияқты түрлі бағыттар бойынша қолдау көрсетеді.

    Волонтерлік орындардың басым бөлігі Үлкен Лос-Анджелес өңірінде ұсынылады. Сонымен қатар Олимпиада ойындарының жекелеген жарыстары өтетін АҚШ-тың басқа қалаларындағы спорт нысандары үшін де еріктілер қабылданады.

    Ойындардың волонтерлік бағдарламасы екі бағыттан тұрады. Бірінші бағыт Олимпиадаға дайындық кезеңінде Лос-Анджелес пен оның маңында ұйымдастырылатын қоғамдық, спорттық және экологиялық бастамаларға қатысуды қамтиды.

    Екінші бағыт Олимпиада және Паралимпиада ойындары кезінде тікелей қызмет атқаруды көздейді.

    Бағдарламаға қатысу үшін үміткерлер Олимпиада басталған сәтте кемінде 18 жаста болуы және ағылшын тілін меңгеруі қажет. Әрбір волонтер Олимпиада немесе Паралимпиада ойындары кезінде ұзақтығы шамамен сегіз сағат болатын кемінде он ауысымда жұмыс істеуі тиіс. Бағдарламаға қатысуға өтінімді осы сілтеме арқылы жолдауға болады.

    Естеріңізге сала кетейік, Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындары 2028 жылғы 14-30 шілде аралығында, ал Паралимпиада ойындары 15-27 тамыз аралығында өтеді.

    Лос-Анджелес Олимпиадасы: волонтерлерді қабылдау қашан басталады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram