Айтолқын Адырбай
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    Қазақстан ММА федерациясы аккредитациядан айырылды: ұйым өкілдері не дейді

    Аралас жекпе-жек шеберлері
    Аралас жекпе-жек шеберлері. Фото: kazmma.kz

    Қазақстанның Біріккен аралас жекпе-жек (ММА) федерациясының мемлекеттік аккредитациясы уақытша тоқтатылды, деп жазады Sportbugin.kz.

    Ұйым бұл шешімге байланысты құқықтық мәселелер туындағанын айтып, аккредитацияны қайта қалпына келтіру үшін жұмыс жүргізіп жатыр.

    Мәселе 2026 жылы мемлекеттік аккредитация алу үшін федерацияның Ұлттық олимпиадалық комитет (ҰОК) тарапынан танылуы қажет деген талаптың енгізілуіне байланысты туындаған.

    Федерация өкілдері ММА Олимпиада бағдарламасына кірмейтіндіктен, бұл талаптың спорт түрінің халықаралық мәртебесіне қайшы келетінін алға тартады.

    Қазақстанның Біріккен аралас жекпе-жек федерациясы 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Ұйымның мәліметінше, Қазақстан құрамасы соңғы жылдары әуесқой ММА бойынша Азияда көш бастап, 2025 жылдың қорытындысы бойынша IMMAF әлемдік рейтингінде бірінші орынға шыққан.

    Федерация Халықаралық аралас жекпе-жек федерациясының (IMMAF) толыққанды мүшесі саналады. Ұйым өкілдерінің айтуынша, Қазақстанның басқа федерация құрамына қосылуы IMMAF талаптарына қайшы келуі мүмкін. Бұл жағдайда қазақстандық спортшылар халықаралық ұйым өткізетін жарыстардан шеттетілуі ықтимал.

    Сонымен қатар Қазақстанда кәсіби ММА бағыты бойынша жаңа ұйым — Ұлттық кәсіпқой ММА федерациясы құрылып, ресми түрде танылды. Осыған байланысты әуесқой және кәсіпқой ММА бағыттарының өзара арақатынасы, сондай-ақ спортшылардың халықаралық жарыстарға қатысуы мәселесі күн тәртібіне шықты. Федерацияның бірінші вице-президенті Асылбек Дүйсеновтің айтуынша, ұйым 14 жыл ішінде уәкілетті органдардан қызметіне қатысты ескерту алмаған.

    "Біздің федерация IMMAF-тың толыққанды мүшесі. Ұсынылған бірігу моделі халықаралық ұйымның мүшелік талаптарына қайшы келеді. Егер Қазақстан IMMAF құрамынан шығарылса, спортшыларымыз халықаралық жарыстарға қатысу мүмкіндігінен айырылуы мүмкін", — деді ол.

    Федерацияның бас бапкері Баян Жанғалов та қалыптасқан жағдай спортшылар мен жаттықтырушыларға әсер етуі мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, ұлттық құрама сапында балалар мен жасөспірімдерден бастап, әлем және Азия чемпиондарына дейін бар.

    "Спортшылар өздеріне тәуелсіз әкімшілік шешімдердің салдарынан халықаралық жарыстарға қатысу мүмкіндігінен айырылып қалмауы керек. Ең бастысы — спорттық резервті сақтап, Қазақстан спортшыларына әлемдік додаларда ел намысын қорғауға мүмкіндік беру", — деді бас бапкер.

    IMMAF ұйымы да Қазақстандағы жағдайға қатысты өз ұстанымын білдіріп, Біріккен аралас жекпе-жек федерациясын ресми түрде танитынын мәлімдеді.

    Қазіргі уақытта федерация аккредитацияны тоқтату туралы шешімге сот арқылы шағым түсірді. Ұйым өкілдері мәселе құқықтық тәртіппен шешіледі деп күтеді.

    Қазақстан ММА федерациясы аккредитациядан айырылды: ұйым өкілдері не дейді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram