Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Бір күнде екі алтын: қазақстандық балуандар Лас-Вегастағы әлем чемпионатында топ жарды

    Айбек Айтбеков пен Юсуф Ашрапов
    Айбек Айтбеков пен Юсуф Ашрапов (солдан оңға қарай). Фото: Спортты дамыту дирекциясы

    АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен жастар арасындағы (U23) әлем чемпионатында алғашқы медальдар жиынтығы сарапқа салынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

    Грек-рим күресінен бес салмақ дәрежесінде үздіктер анықталды. Екі финалда қазақстандық балуандар өнер көрсетті.

    60 кг дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Айбек Айтбеков шешуші белдесуге дейін жетті. Финалда ол Әзербайжан балуаны Эльмир Алиевті 13:4 есебімен жеңді.

    Сондай-ақ 72 кг дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Юсуф Ашрапов финалда армениялық Гаспар Тертеряннан 4:3 есебімен басым түсті.

    Осылайша, грек-рим күресінен Қазақстан жастар құрамасы тарихта алғаш рет әлем чемпионатында екі алтын медаль иеленді. Бұған дейін жалғыз алтынды 2023 жылы Сұлтан Әсетұлы жеңіп алған болатын.

    Сондай-ақ медальдар сарапқа салынған алғашқы күні Нұрасыл Аманалы (97 кг дейін) жүлде үшін таласты. Алайда ол қола медаль үшін өткен белдесуде жеңіліп қалды. Төлеген Әмірханов (67 кг дейін) пен Диас Қалтай (82 кг дейін) жарыстың финалдық кезеңіне өте алмады.

    Бір күнде екі алтын: қазақстандық балуандар Лас-Вегастағы әлем чемпионатында топ жарды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram