"Бұл туралы ұзақ ойландық": Айбек Оралбай мансабындағы ең маңызды шешімі туралы айтты
Жарияланған күні:

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Айбек Оралбай суперауыр салмақ дәрежесіне ауысуына не себеп болғанын және жекпе-жектерге қалай дайындалатынын айтып берді, деп хабарлайды Қазақстан бокс федерациясына сілтеме жасаған kazinform.
Боксшының айтуынша, салмақ дәрежесін өзгерту туралы ұсынысты алғаш болып жеке бапкері Асқар Еркебаев айтқан. Алайда спортшы бұл шешімді бірден қабылдамаған.
Ол біраз уақыт 90 келі салмақта өнер көрсетіп, кейін 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде де күш сынап көрген. Осылайша жаңа санаттың өзіне қаншалықты қолайлы екенін бағалауға мүмкіндік алған.
"Жеке бапкерім Асқар Еркебаев басқа салмақ дәрежесіне ауысқан дұрыс болатынын айтты. Біз бұл туралы ұзақ ойландық. 90 келі салмақта турнирлерге қатысып жүрдік, кейін 90 келіден жоғары салмақты да байқап көрдік.
Біраз уақыт қажет болды, бірақ қазір бұл өте дұрыс шешім болғанына сенімдімін. Соңғы шешімді өзім қабылдадым", – деді Айбек Оралбай.
Оның сөзінше, жаңа салмақтағы алғашқы маңызды жарыстардың бірі Таиландта өткен Азия чемпионаты болған. Сол додада ол чемпион атанған.
Кейін Англияның Ливерпуль қаласында өткен әлем чемпионатында суперауыр салмақта өзін еркін сезінетінін түсініп, осы санатта біржола қалуға шешім қабылдаған.
Айбек Оралбай суперауыр салмақта өнер көрсету үшін міндетті түрде дене салмағын арттыру қажет деген пікірмен келіспейді.
Боксшының айтуынша, бұл салмақта қарсыластардың дене бітімі мен салмағы әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, өзі 100 келі тартса, қарсыласының салмағы 125 немесе 135 келіге жетуі ықтимал.
Соған қарамастан ол салмағын әдейі көбейтпеуді жөн көрген. Өйткені артық салмақ қимыл-қозғалысты баяулатып, рингтегі жылдамдыққа кері әсер етуі мүмкін.
"Кейбір турнирлер арасында салмағым қатты өсіп кеткен кездер болды. Жеңілістер де кездесті. Сол уақыттан бастап салмағымды қатаң бақылауға алдым. Рингке қандай физикалық дайындықпен шығу керектігін нақты түсіндім.
Көпшілік суперауыр салмақтағылар салмағын бақыламайды деп ойлайды. Шын мәнінде, біз тамақтану тәртібін де, жаттығу процесін де мұқият қадағалаймыз", – деді боксшы.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nursport.kz/boxing/2440987-bul-turaly-uzaq-oilandyq-aibek-oralbai-mansabyndagy-eng-mangyzdy-sheshimi-turaly-aitty/