Жәнібек Әлімханұлының алдағы жекпе-жегін қай телеарналар көрсететіні белгілі болды
Жарияланған күні:
Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының кубалық Эрисланди Лараға қарсы жекпе-жегін Qazaqstan және Qazsport телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Бұл туралы ұлттық арнаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Qazaqstan телеарнасының мәліметінше, 7 желтоқсанда WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы Эрисланди Ларамен үш белбеуді сарапқа салады.
Қазақ жанкүйерлері жекпе-жекті Qazaqstan және Qazsport телеарналарының тікелей эфирінен 7 желтоқсан күні таңғы 06:00-де тамашалай алады.
Жәнібек Әлімханұлы мен кубалық боксшының жекпе-жегі АҚШ-тың Техас штатына қарайтын Сан-Антонио қаласындағы Frost Bank Center аренада өтеді.
Сондай-ақ бұл бокс кешінде кіші Ламонт Роуч пен Исаак "Питбуль" Крус арасындағы жекпе-жек өтеді.
Айта кетелік, Жәнібек Әлімханұлы Астанада өткен соңғы жекпе-жегінде Анауэль Нгамиссенгені нокаутпен жеңіп, атақтарын қорғап қалған еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nursport.kz/boxing/2312949-zhanibek-alimhanulynyng-aldagy-zhekpe-zhegin-qai-telearnalar-korsetetini-belgili-boldy/