Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    "Штурвалды өз қолына алды": Трамп Flydubai ұшағын қарапайым сантехник құтқарып қалғанын мәлімдеді

    Дональд Трамп
    Дональд Трамп. Фото: Anna Moneymaker/Getty Images

    АҚШ президенті Дональд Трамп Flydubai ұшағын қарапайым сантехник құтқарып қалғанын мәлімдеді. Ақ үй басшысы бұл туралы оған Нетаньяху айтқанын жеткізді, деп хабарлайды РИА Новости агенттігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    Трамптың айтуынша, ер адам бұған дейін ешқашан ұшақ басқармаған, ал негізгі дағдыларды әуе апаттары туралы телебағдарламалардан үйренген. АҚШ президенті оқиғаның мұндай егжей-тегжейін Израиль премьер-министрі жеткізгенін алға тартты.

    "Израильдік сантехник бұған дейін ұшақ басқарып көрмек түгілі, тіпті жолаушы ретінде де сирек ұшқан. Ол не болып жатқанын көріп, айқайды естіген. Ұшақ өте қатты жылдамдықпен құлдилай бастаған. Лайнер мұндай жылдамдыққа есептелмеген, шектен тыс жүктемемен ұшқан. Бірақ әлгі жігіт... мұндай шамадан тыс жүктемеге қарамастан, әлгі адамды креслосынан жұлып алып, артқа қарай лақтырған. Ал жолаушылар жабылып, оны ұстап алған", - деді Трамп.

    Трамптың сөзінше, одан кейін сантехник ұшақ тізгінін өз қолына алған.

    "Бұған дейін ұшақ басқарып көрмесе де, ол штурвалды өзіне қарай тартып, лайнердің құлауына жол бермей, бағытын теңестіріп үлгерген. Одан неге бұлай істегенін сұрағанда, "Әуе апаттарын тергеу" шоуын көретінін айтқан. Ол бағдарламаны көп қарағандықтан, ұшақты қалай басқару керектігін шамалап түсінген", - деді Ақ үй басшысы.

    Flydubai ұшағындағы төтенше жағдай

    29 қыркүйекте БАҚ-та Сауд Арабиясы аспанында бұрылу кезінде Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған Boeing 737 жолаушылар ұшағының апаттық белгі бергені туралы ақпарат тараған еді. Ол ұшақты басып алу немесе заңсыз араласу қаупін білдіретін 7500 кодын жіберген.

    Осыдан кейін Израиль Әуе күштерінің жойғыш ұшақтары әуеге көтеріліп, ұшаққа қарай бағыт алды.

    Кейін әуе кемесінің Сауд Арабиясына қонғаны белгілі болды. Артынша Flydubai әуекомпаниясы израильдік телеарнаға Дубай-Тель-Авив рейсінің бортында ұшқыштар арасында төбелес болғанын хабарлады.

    Қазір билік ұшқыштардың бірі ұшақты қасақана құлатпақ болды деген нұсқаны тексеріп жатыр. Оның бұл әрекетіне екінші ұшқыш пен израильдік жолаушылар араласып, апаттың алдын алды деген болжам бар.

    Кейіннен FlyDubai әуекомпаниясы ұшағының бортында әріптесінің шабуылынан зардап шеккен ұшқыштың Үндістан азаматы Смит Маччхар екені анықталды.

    "Штурвалды өз қолына алды": Трамп Flydubai ұшағын қарапайым сантехник құтқарып қалғанын мәлімдеді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram