Алдағы уақытта әлемде 450 мың адам қайтыс болуы мүмкін: климатологтар ескерту жасады
Жарияланған күні:
Читать на русском
Климатологтар Эль-Ниньо табиғи құбылысы салдарынан болуы мүмкін аптап ыстықтан алдағы жарты жылда әлем бойынша 450 мың адам көз жұмуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Guardian басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Climate Impact Lab климатологтары мен Чикаго университетінің бірлескен баяндамасында алдағы алты айда Эль-Ниньо (Тынық мұхитының орталық және шығыс экваторлық бөлігіндегі cудың беткі қабаты қалыпты нормадан асып жылынуы түріндегі табиғи климаттық құбылыс) салдарынан болатын ыстықтан 450 мыңнан астам адам көз жұмуы мүмкін екені айтылған.
Ғалымдардың пікірінше, ыстықтың зардабы Индонезиядан Үндістанға, Нигериядан АҚШ-қа дейінгі әлем жұртына әсер етеді. Құрғақшылық, орман өрттері мен су тасқындары салдарынан адам өлімі көбейеді деген болжам бар.
Олар халықты қорғау шараларын қабылдауға шақырды. Оның қатарына: ыстық ауа райына қатысты дәлірек болжамдар жасау, адамдар паналайтын салқындату орталықтарын ашу, ең ыстық кезеңдерде медициналық мекемелердің штатын ұлғайту және ашық ауада жұмыс істейтін қызметкерлерді қорғау жатады.
"451 мың адам деген болжам өте үлкен, тіпті адам шошытарлық, бірақ бұл санның артында ата-аналар мен балалар, ата-әжелер, көршілер, жұмысқа баратын, отбасына қамқорлық жасайтын және өз өмірін сүріп жатқан адамдар тұр", - деді баяндаманың тең авторы, профессор Майкл Гринстоун.
Ыстықтан болатын өлім-жітім 2027 жылдың қыркүйегі мен ақпаны аралығында артады деп күтілуде.
Ғалымдардың бағалауы бойынша, алдағы алты айда Нигерия, Индонезия, Судан, Үндістан және Бразилия елдері ең көп зардап шегеді.
АҚШ та ең көп зардап шегетін 20 елдің қатарына кіреді, онда ыстықтан тағы 3500 адам қаза болады деп болжанып отыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/world/2432233-aldagy-uaqytta-alemde-450-myng-adam-qaitys-boluy-mumkin-klimatologtar-eskertu-zhasady/
