Айтолқын Адырбай
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    Германияда америкалық F-16 жойғыш ұшағы апатқа ұшырады

    Жойғыш ұшақ
    Көрнекі фото: pixabay.com

    Америкалық F-16 Fighting Falcon жойғыш ұшағы сейсенбі күні Германияның батысындағы Шпангдалем АҚШ әскери әуе базасының маңында апатқа ұшырады, деп хабарлайды Kazinform.

    АҚШ Әскери-әуе күштерінің 52-ші жойғыш бөлімшесінің қолбасшылығы мәлім еткендей, оқиға жергілікті уақыт бойынша сағат 14:30 шамасында Германияның Рейнланд-Пфальц жеріндегі америкалық әскери әуе базасына жақын аумақта болған.

    Ұшқыш ұшақтан катапульта арқылы шығып үлгеріп, медициналық көмек алып жатыр. Оның жарақатының ауырлық деңгейі ресми түрде нақтыланбады. Апаттың себептері анықталып жатыр.

    Оқиға орнына әуе базасының апаттық-құтқару қызметтері мен Битбург-Прюм ауданының азаматтық қорғау күштері жұмылдырылды.

    Германияның әуе қозғалысын басқару қызметінің мәліметінше, ұшақ оқу-жаттығу ұшуынан кейін қайтып келе жатқан. Жаттығуға бірнеше ұшақ қатысқан. Оқиғадан кейін қалған ұшақтар Рамштайн қосалқы әуеайлағына бағытталды.

    Көршілес Бинсфельд елді мекенінің тұрғындары әуеге көтерілген түтін бағанын байқаған. Жердегі адамдардың зардап шеккені немесе тұрғын үйлердің қирағаны туралы ақпарат түскен жоқ.

    Шпангдалем әскери әуе базасы Германиядағы АҚШ Әскери-әуе күштерінің F-16 жойғыш ұшақтары орналасқан негізгі база саналады. Мұнда АҚШ пен НАТО мүддесіне қызмет ететін эскадрилья орналасқан.

    Германияда америкалық F-16 жойғыш ұшағы апатқа ұшырады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram