Бидай, картоп, күнбағыс: Қытай ғарышта "бақ" өсіріп жатыр
Жарияланған күні:

Қазір Қытай орбитада өсімдіктің 14 түріне жататын 20-дан астам сұрыпты өсірді. Қытай ғарышкерлерін даярлау ғылыми-зерттеу орталығы бұл жетістікті ғарыш станциясында өсімдіктерді ауқымды көлемде өсіруге негіз қалайтын маңызды кезең деп бағалады, деп хабарлайды kazinform.
Синьхуа ақпарат агенттігінің мәліметінше, бұл технологиялық жетістік Солтүстік Қытайдағы Тяньцзинь қаласында өткен Бірінші бүкілқытайлық аэроғарыштық медицина инженериясы конференциясында таныстырылды. "Шэньчжоу-21" басқарылатын ғарыш кемесінің экипаж мүшесі Чжан Хунчжан Қытайдың ғарыш станциясындағы жайқалып өсіп тұрған "ғарыш бағынан" түсірілген фото және бейнематериалдарды бөлісті. Онда салат жапырағы, сәбіз, күнбағыс, картоп және бидай секілді өсімдіктерді көруге болады.
Қытайда ұзақ мерзімді басқарылатын ғарыш ұшулары дәуірі 2021 жылғы қазанда басталды. Сол кезде "Шэньчжоу-13" экипажының мүшелері Чжай Чжиган, Ван Япин және Е Гуанфу Қытайдың "Тяньхэ" ғарыш станциясының базалық модуліне орналасты.
"Ғарышта ұзақ уақыт болу Жерден жеткізілетін азық-түлік пен басқа да қажетті заттарға тәуелділікті азайтуды талап етеді. Сондықтан біз жүргізіп жатқан басқарылатын экологиялық өмірді қамтамасыз ету жүйесін (CELSS) құруға арналған тәжірибелер ғарышта суды, ауаны және азық-түлікті қайта өндіре алатын экожүйе қалыптастыруға бағытталған. Бұл Жерге тәуелділікті азайтып, болашақта ғарыштағы өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", — деді Қытай ғарышкерлерін даярлау ғылыми-зерттеу орталығының сарапшысы Бянь Цян.
CELSS технологиясы орбитадағы ғарышкерлерді ауамен, сумен және азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін жасанды түрде құрылған, жабық әрі бақыланатын экожүйені пайдаланады. Ол ресурстарды тиімді қайта өңдеу мен қалпына келтіруге негізделген және адамның ғарышта ұзақ уақыт өмір сүруіне қажетті жағдай жасауға бағытталған.
Бянь Цянның айтуынша, қазіргі уақытта ғарыш станциясында өсімдік өсіруге арналған екі түрлі қондырғы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Оның бірі субстраттық өсіру әдісіне, екіншісі аэропоника технологиясына негізделген. Бұл жүйелер зерттеушілерге негізінен физикалық және химиялық қайта өңдеуге сүйенетін, ал биологиялық қалпына келтіру қосалқы рөл атқаратын базалық өмірді қамтамасыз ету жүйесін құруға тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
"Неғұрлым тиімді аэропоникалық қондырғы ғарыш станциясына 2025 жылы жеткізілді. Содан бері біз орбитада бидайды толық цикл бойынша өсіріп шықтық. Ал оның тұқымдарын пайдаланып, өсірудің екінші кезеңін бастадық. Өсімдік жақсы өсіп келеді, жақын арада өнімін жинаймыз", — деді сарапшы.
Оның айтуынша, Қытайдың Ай бағдарламасы ілгерілеген сайын болашақта Айдың өзінде де "ғарыш бағы" пайда болуы мүмкін.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/world/2430843-bidai-kartop-kunbagys-qytai-garyshta-baq-osirip-zhatyr/
