18+
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Непалдағы жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 734-ке жетті

    Непалдағы су тасқыны
    Непалдағы су тасқыны. Фото: AFP via Getty Images

    Непалда су тасқыны құрбандарының саны артып келеді. The Kathmandu Post басылымына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ порталының хабарлауынша, соңғы мәліметтер бойынша 734 адам көз жұмды.

    Ел үкіметінің соңғы ақпаратына сәйкес, Непалдағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 734 адамға жетті. 2 498 адам хабар-ошарсыз кетті, олардың 589-ы – шетел азаматтары.

    Зардап шеккен барлық ауданда құтқару жұмыстары жалғасуда. Іздестіру, құтқару және гуманитарлық операцияларға қауіпсіздік күштерінің 19 895 қызметкері жұмылдырылды. Олардың қатарында Непал армиясының 8 399 әскери қызметшісі, 7 213 полиция қызметкері және Қарулы полиция күштерінің 4 203 қызметкері бар.

    Билік өкілдерінің мәліметінше, қазіргі уақытта күштік құрылымдар 8 186 адамды құтқарды.

    Қаза тапқандар санының көптігі билік үшін үлкен мәселеге айналды. Олар құрбандардың жеке басын анықтауға тырысуда. Жеке басы анықталмаған мәйіттер сақтау және сәйкестендіру рәсімдерін жүргізу үшін әр түрлі аудандардағы 21 ауруханаға жеткізілді.

    Еске сала кетейік, бұған дейін Қытай мен Непал арасындағы шекаралық өткел ауданында көшкін жүргені белгілі болды. Бұл жол қозғалысына, байланыс пен электрмен жабдықтау жүйесіне әсер етті.

    Кейінірек жойқын су тасқыны болғаны туралы хабарланды. Ірі тасқынға жер сілкінісі және одан кейінгі көшкін себеп болды.

    Ал 27 тамызда Қытай мен Непалдағы су тасқынынан хабар-ошарсыз кеткендер саны 1000-нан асқаны хабарланды.

    Күні кеше Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қытай мен Непалдағы табиғи апатқа байланысты Қазақстан азаматтарының із-түзсіз жоғалғандар тізімінде бар-жоғы туралы ақпарат ұсынды.

    СІМ мәліметінше, Непал мен Қытай шекарасындағы табиғи апат аймағында үш қазақстандық әйел іздестіріліп жатыр.

    Непалдағы жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 734-ке жетті

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram