18+
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Қытай мен Непал шекарасындағы су тасқыны: қаза тапқандар саны 160-тан асты (видео)

    Непалдағы су тасқыны
    Непалдағы су тасқыны. Фото: Ambir Tolang/NurPhoto via Getty Images

    Қытай мен Непал шекарасындағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 160-тан асты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    CNN мәліметінше, қазіргі уақытта Непал тарапы 150-ден астам адамның қаза тапқанын растады. Дегенмен құрбандар саны өсуі мүмкін. Себебі мың шақты адам әлі де із-түзсіз жоғалғандар қатарында.

    Жүздеген туристің хабар-ошарсыз кеткені айтылуда. Табиғи апат шетелдіктер арасында танымал бағытқа соққы берді.

    БАҚ деректері бойынша, олардың арасында АҚШ, Португалия, Үндістан, Ресей, Украина, Австралия, Оңтүстік Корея, Италия мен Бельгия азаматтары бар.

    Тасқын болған елдердің сыртқы саяси ведомстволары су тасқынынан зардап шеккен аумақтарда туристердің жоғалғаны туралы мәлімдеме жасады.

    Іздеу-құтқару операциялары жалғасуда. Сондай-ақ ондаған жергілікті тұрғын да із-түзсіз жоғалғандар тізімінде.

    РИА Новости ақпаратына сәйкес, Непал полициясы су тасқыны салдарынан 157 адамның қаза тапқанын хабарлады.

    Бұдан бөлек, құтқарушылар Непалдағы су тасқыны аймағынан 250-ден астам адамды эвакуациялады. Олардың арасында зардап шеккендер де бар. Эвакуация жұмыстары Непал Қарулы күштерінің тікұшақтары арқылы жүргізілді.

    Қытай тарапы да құрбандар туралы мәлімет берді. "Синьхуа" ақпаратына сәйкес, жедел штаб үш адамның қаза тапқанын растады.

    Қытайда 265 адам хабар-ошарсыз кетті. Билік зардап шеккендер туралы ақпаратты нақтылауды жалғастыруда.

    Си Цзиньпин із-түзсіз жоғалғандарды іздеу және құтқару үшін бар күш-жігерді жұмсауды бұйырды.

    Еске сала кетейік, бұған дейін Қытай мен Непал арасындағы шекаралық өткел ауданында көшкін жүргені белгілі болды. Бұл жол қозғалысына, байланыс пен электрмен жабдықтау жүйесіне әсер етті.

    Кейінірек жойқын су тасқыны болғаны туралы хабарланды. Ірі тасқынға жер сілкінісі және одан кейінгі көшкін себеп болды. Бұған дейін 72 адамның қаза тапқаны хабарланған еді.

    Ал 27 тамызда Қытай мен Непалдағы су тасқынынан хабар-ошарсыз кеткендер саны 1000-нан асқаны хабарланды.

    Күні кеше Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қытай мен Непалдағы табиғи апатқа байланысты Қазақстан азаматтарының із-түзсіз жоғалғандар тізімінде бар-жоғы туралы ақпарат ұсынды.

    Қытай мен Непал шекарасындағы су тасқыны: қаза тапқандар саны 160-тан асты (видео)

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram