Ресейде ұшқышсыз аппараттардың шабуылынан кейін Ozon қоймасы өртенді (видео)
Жарияланған күні:
Читать на русском
Бүгін Самара облысындағы Ozon логистикалық орталығы ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырады. Ресейлік маркетплейс бұған қатысты мәлімдеме жасады. Украина президенті Владимир Зеленский қоймаға соққы жасалғанын растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ozon компаниясының ресми мәлімдемесіне сәйкес, шабуыл салдарынан қоймада өрт шыққан. Барлық жүйе штаттық режимде жұмыс істеп, санаулы минут ішінде 500-ден астам қызметкер қауіпсіз жерге шығарылған.
"Өкінішке қарай, зардап шеккендер бар. Біз оларға қажетті қолдаудың барлығын көрсетеміз", - деді компания өкілдері.
Оқиға орнында авариялық-құтқару қызметтері жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ жедел жәрдем көліктері кезекшілік атқаруда.
Қойманың жұмысы белгісіз мерзімге тоқтатылған. Келтірілген шығын көлемі есептелуде.
Шабуыл туралы ақпаратты Украина президенті Владимир Зеленский растады. Ол оқиға орнынан түсірілген видеоны Instagram-дағы парақшасында жариялады.
"Кейінгі 24 сағат ішінде біздің әскер майдан шебінен 1000 шақырым қашықтықта орналасқан Новокуйбышев мұнай өңдеу зауытына соққы берді. Осылайша, ресейлік әскерді миллиондаған доллар экспорттық түсімнен айырды. Сондай-ақ біз Самара облысындағы логистикалық орталыққа және Қара теңіздегі нысандарға соққы жасадық", - деп жазды ол.
Еске сала кетсек, 18 шілдеге қараған түні украиналық ұшқышсыз аппараттар ресейлік Wildberries маркетплейсінің екі ірі логистикалық орталығына – Тамбов облысы мен Мәскеу түбіндегі нысандарына шабуыл жасаған болатын.
Одан кейін компанияның Краснодар мен Ставрополь өлкелеріндегі, Санкт-Петербургтегі, Ленинград облысындағы және Қырым аумағындағы нысандары да соққыға ұшырады.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/world/2416424-reseide-ushqyshsyz-ushu-apparattary-shabuylynan-keiin-ozon-qoimasy-ortendi-video/
