Жұлдыз Кенжегалиева
    Жұлдыз Кенжегалиева
    Қазақ редакциясының басшысы

    Трамп: Өзге елдердің президенттеріне Ақ үйді көрсетуге ұяламын

    Дональд Трамп
    Дональд Трамп. Фото: Kent NISHIMURA / AFP via Getty Images

    Өзге елдердің президенттеріне Ақ үйді көрсетуге ұялатынын, ішінде барлығы ескі-құсқы екенін айтқан Дональд Трамп осымен екінші рет Ақ үйдегі жөндеу жұмыстарын журналистерге жарнамалады, деп хабарлайды "Астана" арнасы.

    Трамптың жобасы аяқталуға жақын. Құны жарты миллиард болатын Ақ үйдің жөндеу жұмыстары осымен екінші рет журналистерге көрсетілді. АҚШ президентінің айтуынша, бірде-бір цент бюджеттен жұмсалмады. Қаржыландыруды ірі америкалық компаниялар жүргізді.

    Дегенмен бұл құрылысқа Конгресс те, Жоғарғы сот та қарсы шығып, үкім шығарған. Алайда Трамп оларды тыңдай қоймады.

    "Өзге президенттерді Ақ үйде қарсы алғанда жан-жағыма қарап ұяламын. Аңыз Ақ үйлерің осы ма деп күлетін секілді. Осы олқылықты баяғыда түзегім келген. Локхид Мартин компаниясы әлемдегі ең үздік гранит тастарды орнатты. Одан бөлек теңдессі жоқ тікұшақ қонатын алаң құрды. Скотс командасы болса, бүкіл көгалды алмастырды. Осы компаниялар өздері көмек ұсынды. Қалай риза болмайсың?", - дейді АҚШ президенті.

    Трамп сондай-ақ жыл соңына дейін Ким Чен Ынмен кездесетінін жеткізді. Айтуынша, екі ел арасында құпия келіссөз де жүріп жатыр.

    Естеріңізге сала кетсек, Трамп күні кеше Оңтүстік Корея Иранмен соғыста көмектеспеді деп ренішін жеткізген еді. Тіпті бірлескен әскери оқу-жаттығу ауқымын кеміткен. Артынша Оңтүстік Кореядан гөрі, Ким Чен Ын жақсы, сонымен одақтас боламын-ау, деген де пікір айтты.

    "Ким Чен Ынмен осыған дейін екі рет кездестім. Ол өте керемет адам. Ең бастысы, оның 57 ядролық қарумен жабдықталған зымыраны бар. Ол екеуіміз бір-бірімізге ұқсаймыз. Екеуіміз де көреген, жасампаз саясаткерміз. Әлбетте мен 2000 жылдары президент болған кезде оған ядролық қару жасауға жол бермейтін едім. Қазір Иранға қалай соғыс ашсам, Солтүстік Кореяны да жермен-жексен етер едім. Бірақ менің алдымдағы мемлекет басшылары өте сауатсыз, надан адамдар", - деді Трамп.

    Автор: Еркелді Тілеуқұл

    Трамп: Өзге елдердің президенттеріне Ақ үйді көрсетуге ұяламын

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram