Төрт айлық сәбиді аштан өлтірген: Германияда ерлі-зайыптыға үкім шықты
Жарияланған күні:
Германияның Итцехо қаласындағы сот төрт айлық қыздың ата-анасын өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті, деп хабарлайды Baq.kz.
BILD хабарлағандай, ерлі-зайыпты әрекетсіздік арқылы адам өлтіру және балаға қатыгездік көрсету баптары бойынша айыпты деп танылған. Сот деректеріне сәйкес, 2025 жылғы 26 қыркүйекте шетінеген сәттегі сәбидің салмағы шамамен 1 килограмм болған.
Тергеу ата-анасы баланың өміріне қауіп төніп тұрғанын түсінгеніне қарамастан, оны жеткілікті тамақпен және сұйықтықпен камтамасыз етпегенін анықтаған.
Анасының айтуынша, ол трагедиядан шамамен екі апта бұрын баланың салмағы тез төмендей бастағанын байқаған. Дерекке қарамастан, отбасы дәрігерлер тағайындаған тексерулерге бармаған.
Әкесі болған жағдайды психологиялық мәселелермен, ауыр эмоционалдық жүктемемен және есте сақтау қабілетінің нашарлауымен қатысты болғанын айтқан.
Оқиғаға дейін бұл отбасына қамқоршылық қызметінің мамандары бірнеше рет барған. Алайда тексеру кезінде мамандар ешқандай заңбұзушылықты анықтамай, баланың өмір сүру жағдайын қанағаттанарлық деп тапқан.
Сәби шетінегеннен кейін ведомство қызметкерлері мен отбасының таныстарына қатысты жүргізілген тергеу тоқтатылды.
Сот процесі кезінде қорғаушы тарап ата-ананың іс-әрекетін абайсызда қазаға ұшырату ретінде бағалауды талап етті.
Алайда сот ерлі-зайыптылардың баланы құтқару үшін қажетті әрекеттерді саналы түрде жасамағаны туралы шешімге келіп, оларды әрекетсіздік арқылы адам өліміне әкелу және қызына қатыгездік көрсету бойынша айыпты деп тапты.
Сот шешімімен екеуіне де өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/world/2402360-tort-ailyq-sabidi-ashtan-oltirgen-germaniiada-erli-zaiyptyga-ukim-shyqty/