Қырғызстан Ыстықкөл жағалауында "Тамшы" арнайы қаржы-инвестициялық аумағын ашты
Жарияланған күні:
Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров Ыстықкөл жағалауында жаңа халықаралық юрисдикция - "Тамшы" арнайы қаржы-инвестициялық аумағын (АҚИА) ашты.
Орталық ашылған күні БАӘ, Гонконг, Швейцария, Оңтүстік Корея және Қазақстаннан келген компаниялар оның алғашқы резиденттері атанды. Әлемнің түрлі елінен 20 компания "Тамшы" АҚИА резиденті ретінде тіркелу процесінен өтіп жатыр.
Салтанатты шарада президент жаһандық қаржы картасында жаңа нүктенің пайда болғанына назар аударып, геобелгіні символикалық түрде іске қосты.
"Әлемдік экономикадағы өзгерістер халықаралық стандарттар инновациялар мен ұзақ мерзімді инвестициялар үшін шынайы еркіндікпен ұштасатын жаңа іскерлік белсенділік орталықтарына деген сұранысты тудырады. "Тамшы" АҚИА - ұлттық жобамыз және халықаралық бизнестің сұраныстарына берген жауабымыз. Біз қаржы орталығын нөлден бастап құрып жатырмыз: оның тәуелсіз соты, заманауи реттеушісі және конъюнктураға байланысты өзгермейтін ережелері бар. "Тамшы" АҚИА Қырғызстан тарихындағы жаңа бөлім болатынына сенімдімін", - деді президент Жапаров.
"Тамшы" АҚИА ағылшын құқығы принциптері бойынша жұмыс істейді. Аумақта жеке тәуелсіз қаржы реттеушісі, Халықаралық дауларды шешу орталығы және бірыңғай цифрлық тіркеуші сынды құрылымдар жұмыс істейді.
Арнайы салық режимі 49 жыл бойы пайдаға, дивидендтерге, капитал өсіміне және ҚҚС-қа нөлдік мөлшерлемелерді қарастырады. Резиденттер шетелдік меншік құқығына және пайданы еркін репатриациялау құқығына жүз пайыз ие болады.
Аумақта қазірдің өзінде бизнес-орталық жұмыс істеп тұр, қонақүйлер мен тұрғын үйлер салынып жатыр. Жақын маңда "Ыстықкөл" халықаралық әуежайы орналасқан. Юрисдикцияның жалпы аумағы шамамен 6000 гектарға тең.
"Табысты халықаралық қаржы орталықтары жаһандық капитал мен бизнестің үмітін ақтайтын жағдайлар жасалған жерде пайда болады. "Тамшы" АҚИА дәл осы қағидат бойынша құрылды - бұл компанияларды өсуінің әрбір кезеңінде сүйемелдеуге дайын сенімді әрі икемді юрисдикция. Үздік халықаралық тәжірибелерге сәйкес салынған, ағылшын жалпы құқығына негізделген және Еуразияның қақ ортасында орналасқан бұл орталық инвесторларға бизнес жүргізу үшін тәуелсіз, болжамды және ұзақ мерзімді платформа ұсынады", - деді "Тамшы" АҚИА Басқару кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Али Иджаз Ахмад.
"Тамшы" АҚИА-да бірінші болып тіркелуге шешім қабылдағандардың арасында оңтүістіккореялық Serim компаниясының бас директоры Со Дон Хён бар.
"Жартылай өткізгіш өнеркәсібі, жоғары технологиялар және энергетикаға инвестиция құя саласында отыз жыл жұмыс істеу арқылы мен құқықтық анықтық пен реттеуші жүйеге деген сенім - ұзақ мерзімді инвестициялардың негізі екеніне көз жеткіздім. "Тамшы" АҚИА дәл осы қағидаттар негізінде құрылған. Сонымен қатар мұндай ауқымды жобаны мен білетін кез келген басқа юрисдикцияға қарағанда жылдамырақ - небәрі бір жыл ішінде жүзеге асыру мүмкін болды. Бүгін мен мұнда өзімнің отбасылық холдингтік компаниямды тіркедім. Мен үшін бұл жылдарға емес, ұрпақтарға салынған инвестиция", - деді ол.
2035 жылға қарай "Тамшы" АҚИА шамамен 4000 компанияны тартып, 10 000-нан астам жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр. 2026-2035 жылдар кезеңінде ел экономикасына қосылатын күтілетін үлес 20 миллиард доллар болады бағаланып отыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/world/2396020-qyrgyzstan-ystyqkol-zhagalauynda-tamshy-arnaiy-qarzhy-investitsiialyq-aumagyn-ashty/