"Баршаңызды құттықтаймын": Трамп Иранмен келісімге келгенін мәлімдеді
Жарияланған күні:
Читать на русском
АҚШ президенті Дональд Трамп TruthSocial желісінде Иранмен келісімге келгенін мәлімдеп, Ормуз бұғазы ашылатынын және теңіз блокадасының алып тасталатынын жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Иран Ислам Республикасымен келісімге келу жұмыстары аяқталды. Баршаңызды құттықтаймын! Осымен мен Ормуз бұғазын тегін ашуға, сонымен бірге Америка Құрама Штаттарының әскери-теңіз блокадасын дереу алып тастауға санкция беремін. Әлем кемелері, қозғалтқыштарыңызды іске қосыңыздар. Мұнай қайтадан аға бастасын", - деп жазды Трамп.
Ақ үй басшысының сөзінше, бұл келісімнің арқасында аймақта бейбітшілік орнайды. Келісімге 19 маусымда қол қойылады.
"Бұл керемет келісім бүкіл аймаққа бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Көптеген президент Иранмен бейбітшілік орнатуға тырысты, бірақ менен бұрын ешқайсысының қолынан келген жоқ. Аймақ көшбасшылары алғаш рет шынайы бейбітшілікке қол жеткізуге көмектесе алатын президентті тапты. Бұғаз ашылған соң және жұмада келісімге қол қойылғаннан кейін минадан тазарту жұмыстарының аясында аймақ пен әлем игілігі үшін мұнай қайтадан екі шығаберіс арқылы еркін ағады!" - деп жазды АҚШ президенті.
РИА Новости мәліметінше, Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гариб-Абади АҚШ-пен өзара түсіністік туралы меморандум бойынша жұмыстың аяқталғанын растады.
Сондай-ақ құжатқа 19 маусымда Швейцарияда қол қою жоспарланып отырғаны белгілі болды.
Қолда бар мәлімет бойынша Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф Таяу Шығыстағы қақтығысты реттеу жұмыстарының аяқталғанын алғашқылардың бірі болып жариялаған.
Ол Вашингтон мен Тегеран барлық бағытта дереу және түпкілікті атысты тоқтатуға келіскенін атап өтті.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/world/2388381-barshangyzdy-quttyqtaimyn-tramp-iranmen-kelisimge-kelgenin-malimdedi/