Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    ШҚО-да кей жолдарда қозғалыс шектелді: тұрғындарға маңызды ескерту жарияланды

    Қыс мезгілінде тасжолда келе жатқан көлік
    Көлік. Көрнекі фото: pixabay.com

    ШҚО-да қолайсыз ауа райына байланысты бірқатар автожолда көлік қозғалысы шектелді. Бір бағытта барлық көлік түрінің жүруіне тыйым салынса, республикалық маңызы бар үш жол учаскесінде қысқы шинасыз көліктерге және кейбір бағыттарда тіркемесі бар жүк машиналарына жүруге рұқсат жоқ, деп хабарлайды Altainews.kz.

    Басылым мәліметіне сүйенсек, 22 қазанда сағат 09:00-дегі жағдай бойынша облыстық маңызы бар "Өскемен – Тарғын – Самар" автожолының 63–145-шақырым аралығында, Тарғын ауылынан Самар ауылына дейінгі учаскеде көліктің барлық түрінің қозғалысы жабылды.

    Ал республикалық маңызы бар үш автожолда қозғалысқа шектеу енгізілді. Атап айтқанда "Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы" автожолының 1089–1191 және 1194–1212-шақырым аралықтарында, Өскеменнен Шемонаиха арқылы Ресей шекарасына дейінгі бағытта қысқы шинамен жабдықталмаған көліктердің қозғалысына шектеу қойылды.

    "Өскемен – Риддер – РФ шекарасы" автожолының 15–105-шақырым аралығында, Белоусовка кентінен Риддер қаласына дейін қысқы шинасыз көліктер мен тіркемесі немесе жартылай тіркемесі бар жүк машиналарының жүруіне болмайды.

    Осындай шектеу "Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары" автожолының 7–166-шақырым аралығында, Ушановское ауылынан Алтай қаласына дейін де енгізілді. Жолдағы жағдайға ауа райының қолайсыздығы әсер етіп отыр.

    Басылымның хабарлауынша, 22 қазанда облыстың солтүстігі, шығысы мен таулы аудандарында қар, кей жерлерде қалың қар жаууы күтілуде. Өңірдің бірқатар бөлігінде бұрқасын соғып, жолдарда көктайғақ болады. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.

    24 қазанда өңірде ауа температурасы түнде -13 градусқа дейін төмендейді. Жүргізушілерге жолға шығар алдында қозғалысқа қойылған шектеулерді ескеріп, көліктің қысқы шинамен жабдықталғанын тексеру ұсынылады. Ауа райы күрт өзгерген жағдайда сапарды кейінге қалдырып, жолдағы қауіпсіздік талаптарын сақтаған жөн.

    ШҚО-да кей жолдарда қозғалыс шектелді: тұрғындарға маңызды ескерту жарияланды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram