Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    "Далаға шығу - мұң": Теміртауда мүгедек жандарға арналған баспанаға пандус салынбай қалған

    Теміртау тұрғыны
    Теміртау тұрғыны. Кадр: КТК телеарнасы

    Теміртауда мүмкіндігі шектеулі жандар көпқабатты үйіне пандус орнатуды сұрайды. Олар мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алғанымен, бүгінде өз пәтерінің тұтқынына айналған. Өйткені баспалдақпен көтерліп-түсу көпшілікке үлкен күш. Тұрғындар төрт жылдан бері әкімдіктен көмек сұрап келеді. Осы уақыт аралығында үш әкім ауысып үлгерсе де, мәселе сол күйі шешілмеген, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

    Елена Кох ауруына байланысты бір аяғынан айырылған. Бұған дейін белсенді болған әйел бүгінде де қарқынын бәсеңдетпей, мүгедек жандарға арналған орталықта би билеп, тенниспен айналысады. Алайда өз үйінің кіреберісі оған кедергі — жұбайының көмегінсіз сыртқа шыға алмайды. 

    Бес баспалдақтан түсудің өзі ауыр. Ал жоғары көтерілу әлдеқайда қиын. Жүктеменің қандай екенін өздеріңіз де білесіздер. Өте ауыр. Қолымда "көмектесеміз" деген әкімдік пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа қатысты құжаттар толып жатыр. Бірақ бәрі сөз жүзінде қалды. Осы төрт жылда үш әкім ауысты. Мәселенің шешілмеуіне осы да себеп шығар", - дейді Елена Кох.

    Бір қабат жоғарыда Эльмира Сұлтанбекова тұрады. Ол сал ауруымен туған ұлына 23 жылдан бері жалғыз қарап отыр. Екеуіне де далаға шығу – мұң. Қатты қажет кезде әркімнің көмегіне жүгінеді. Ал әкімдік аузын қу шөппен сүртіп, пандусты «өз қаражатыңа орнат» деген. Алайда отбасының жәрдемақысы дәрі-дәрмек пен оңалту шараcына әрең жетеді.

    "Далаға шыға алмаймыз, пандус жоқ. Мен мұны көтере алмаймын, жалғызбастымын, үйде екеуміз ғана. Мына арбаның өзі ауыр, Екіншіден, баланың өзі ауыр, салмағы да ауыр, қозғалмаған соң, қолға ауыр болады. Онсыз да өзім қолыма алып тамақ беремін. Есік алдына да шыға алмаймыз, өйткені оны түсіресің, киіндіресің, жас емеспіз, шыны керек, көтеруге әлім де жоқ", - дейді Эльмира Сұлтанбекова.

    Әу бастан әлеуметтік аз қамтылғандарға арналған баспана ретінде салынған, мұнда арбаға таңылғандардың бары да ескерілуі тиіс еді. Алайда бюджеттің миллиондарынан қарапайым пандусқа ақша қарастырылмапты. Жарайды, ол өтті кетті дегеннің өзінде, арбаның дөңгелегі жүретін екі жолақты баспалдақтан түсіру қыруар қаражатты талап етпейді. Демеушілер күшімен ақ шешуге болатын шаруаға шенеуніктер құлықсыз екені қынжылтады, дейді тұрғындар. Ал баспананың бастапқы сызбасында пандус болған екен. Керегі шамалы деп, комиссияның өзі алып тастапты.

    Шенеуніктер пандус жайында тұрғындардың арызын "көрмедік, естімедік" деп есінен танып отыр. Қажет қаржы келесі жылдың бюджетіне енгізілуі мүмкін дейді.

    "Жоба‑смета құжаттарында пандус болған. Одан кейін қайта қарастырған кезде пандус алынып тасталған. Өйткені керексіз болған. Енді қазір бұл сұрақ көтерілуде. Ондай сұрақ бізге жаңа ғана түсті. Алдында түспеген. Келесі жылы бюджетті қараған кезде осы сұрақ көтеріледі. Ақша сұраймыз", - дейді Теміртау қаласы тұрғын үй бөлімінің сектор меңгерушісі Сәуле Қанышева.

    Енді тұрғындар пандус орнатылып, көшеге шығу жеңілдейді деп үміттенеді. Оған тағы бір жыл күтуге тура келеді.

    Дереккөз: КТК

    "Далаға шығу - мұң": Теміртауда мүгедек жандарға арналған баспанаға пандус салынбай қалған

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram