Аймағанова елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған жоба ұсынды
Жарияланған күні:
Читать на русском
Құрылтай отырысында депутат Айжан Аймағанова заңнаманың қатаңдығына қарамастан Қазақстанда әйелдер мен балаларға қатысты қайғылы оқиғалар болып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Соңғы жылдары елімізде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бойынша маңызды шаралар қабылданды. Жауапкершілік қатаңдатылып, алдын алу тетіктері кеңейтілді. Алайда қайғылы жағдайлар толастар емес.
Тек соңғы бірнеше айдың ішінде қоғамды дүр сілкіндірген бірнеше оқиға болды. 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлова пышақ жарақатынан қайтыс болды. 23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жазира Адауова кісі қолынан қаза тапты.
Осыған байланысты мынадай сұрақ туындайды: қолданыстағы қорғау тетіктері зорлық-зомбылық жасалғаннан кейін әрекет етуге ғана емес, қауіпті алдын ала анықтап, оның жолын кесуге қаншалықты мүмкіндік береді", - деді депутат Айжан Аймағанова.
Оның айтуынша, қауіпті алдын ала анықтап, адамның өмірі мен қауіпсіздігін қорғау тәжірибесі, мәселен, Францияда қолданылатын көрінеді. Бұл ретте Қазақстанда мұндай мақсатта профилактикалық есепке алу және электронды бақылау тетіктері бар.
Осыған байланысты депутат мынадай ұсыныс жасады:
ІІМ әр өңірде "Электронды қорғау аймағы" пилоттық жобасын әзірлеп, сынақтан өткізуі керек;
қауіп туралы сигнал түскен кезде полицияның нақты әрекеттерін айқындайтын бірыңғай міндетті алгоритмді бекіту қажет;
қауіп туралы әрбір сигнал және ол бойынша қабылданған шаралар автоматты түрде цифрлық тіркеуден өтуге тиіс – бұл әрбір сигнал бойынша кімнің, қашан және қандай шара қабылдағанын нақты көруге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесінен кейін танылған экс-прокурор Айжан Аймағанова Құрылтай депутаты атанғанын жазған едік.
Еске сала кетейік, ол Салтанат Нүкенованы өлтірді деп күдікке ілінген Бишімбаевтың ісі бойынша мемлекеттік айыптаушылардың бірі болды. Экс-министр кінәлі деп танылып, 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2445761-aimaganova-elimizde-turmystyq-zorlyq-zombylyqtyng-aldyn-alu-ushin-zhanga-zhoba-usyndy/