Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Қазақстандағы тағы бір тасжолда орташа жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл салынады

    Трассадағы көлік
    Трассадағы көлік. Иллюстрациялық фото: Kevin Carter/Getty Images

    2026 жылғы 21 қазаннан бастап Қонаев – Талдықорған автожолында орташа жылдамдықты бақылау жүйесі іске қосылады, деп хабарлайды "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ-ға сілтеме жасап KAZ.NUR.KZ.

    Жаңа учаске Алматы облысы мен Жетісу облысын байланыстырады. Ол қосылғаннан кейін орташа жылдамдықты асыру жағдайлары тіркелетін республикалық автожолдардың саны 16-ға жетеді.

    "Жол бойындағы камералар автокөліктің бақылау аркаларынан өткен уақытын тіркейді. Осы мәліметтер мен екі арканың арақашықтығы негізінде көліктің орташа жылдамдығы есептеледі.

    Сондықтан камераға жақындағанда ғана жылдамдықты төмендету ереже бұзушылықты тіркеуден құтқармайды. Егер жүргізуші бақылаудағы жол бөлігінде рұқсат етілген орташа жылдамдықтан асса, бұл дерек автоматты түрде тіркеледі", - делінген хабарламада.

    "ҚазАвтоЖолдың" мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері республикалық автожолдарда орташа жылдамдықты асырудың 550 мың, ал камера қойылған нүктелерде жылдамдықты асырудың 163,5 мың дерегі анықталған. Жалпы жылдамдықты асыруға қатысты 713 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелген.

    Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 13 қазаннан бастап орташа жылдамдықты бақылау жүйесі тағы төрт ақылы жол учаскесінде іске қосылатынын жазған едік.

    Қазақстандағы тағы бір тасжолда орташа жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл салынады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram