KAZ Minerals пен NFC геобарлау саласындағы әріптестікті кеңейтеді: меморандумға қол қойылды
Жарияланған күні:

KAZ Minerals пен NFC геологиялық барлау бағытындағы әріптестік жөнінде меморандумға қол қойды. Тараптар геологиялық зерттеулердің тиімділігін арттыру мақсатында заманауи технологияларды, жасанды интеллект пен цифрлық құралдарды пайдалану мүмкіндігін қарастырмақ, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
KAZ Minerals Тобы мен CNMC корпорациясының еншілес кәсіпорны — China Nonferrous Metal Industry's Foreign Engineering and Construction Co., Ltd. (NFC) арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі 19 қазан күні Алматыда өтті. Кен байыту фабрикаларының құрылысынан басталған серіктестік жаңа деңгейге шықты: енді компаниялар кен орындарын іздеу мен бағалау ісінде заманауи әдістерді қолдануға ниетті.
Құжатта озық технологиялар мен цифрлық құралдарды пайдалана отырып, Қазақстанның минералдық ресурстарын барлау және бағалау бағытында бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылған.
KAZ Minerals жаңа технологияларды қолданысқа енгізу және геологиялық зерттеулердің тиімділігін арттыруға баса көңіл бөле отырып, Қазақстанда геологиялық барлау қызметін дамытуда. NFC компаниясымен әріптестік аталған жұмыстың бір бағыты және ұзақ мерзімдік серіктестіктің жаңа кезеңі болып саналады.
"Біздің компания үшін Қазақстан аймақтағы ең маңызды ел, ал KAZ Minerals – ең маңызды стратегиялық серіктес. Біз күш біріктіре отырып георбарлау саласындағы жұмысты дамытып, тау-кен секторына бірлесіп инвестиция салу мүмкіндігін қарастырамыз", - дейді CNMC корпорациясы Директорлар кеңесінің төрағасы Вэнь Ган.
Тараптар меморандум аясында геологиялық барлаудың заманауи әдістерін, соның ішінде қашықтықтан зондтау, геофизикалық және геохимиялық зерттеулер, жасанды интеллект пен геологиялық деректерді 3D-модельдеу мүмкіндіктерін қарастырмақ. Сонымен қатар тарихи геологиялық деректерді қайта сараптау, бұрғылауға лайықты орындарды анықтау және минералдық ресурстарды бағалауға ерекше назар аударылатын болады.
Сондай-ақ құжатта мамандарды дайындау, тәжірибе алмасу, бірлескен зерттеулер жүргізіп, білім беру бағдарламасын жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылған.
KAZ Minerals пен NFC арасындағы серіктестік он жылдан аса жалғасып келеді. Осы аралықта NFC Бозшакөлдегі сульфидті және каолинделген кенді қайта өңдейтін фабрикалар мен Ақтоғайдағы сульфидті кенді қайта өңдейтін фабриканы салып, қолданысқа берді. Аталған ірі өндірістік жобалардың жүзеге асырылуы компаниялар арасындағы ынтымақтастықтың ары қарай дамуына негіз болды.
"Ақтоғай мен Бозшакөлдегі кешендердің құрылысы кезінде CNMC өзінің кәсіби біліктілігін көрсетті, және біздің компаниялар жоғары деңгейде серіктес бола алатынын дәлелдей алды. Біз CNMC корпорациясымен бірлесіп әлемдегі үздік кәсіпорынды құрдық", - деп мәлімдеді KAZ Minerals Тобы директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук.
Жұмысты ары қарай үйлестіру үшін бірлескен жұмыс тобын құру және әріптестіктің жол картасын жасау жоспарлануда.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2444676-kaz-minerals-pen-nfc-geobarlau-salasyndagy-ariptestikti-kengeitedi-memorandumga-qol-qoiyldy/