Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    Орал тұрғындары қалада егеуқұйрық қаптап кеткенін айтып дабыл қақты

    егеуқұйрық
    Егеуқұйрық. Фото: instagram.com/zhaloby_uralsk__official

    Орал тұрғындары қоқыс үйінділерінде егеуқұйрықтар қаптап кеткенін айтып, дабыл қағуда. Жергілікті тұрғындар кеміргіштер өріп жүрген стихиялық қоқыс орындарына шағымданды. Бұл жағдайға қатысты қала әкімдігі пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Kazinform-ға сілтеме жасап.

    Желіде жергілікті тұрғындар Орал теміржол вокзалы маңындағы қоқыс үйінділері түсірілген видеоны жариялады. Сондай-ақ кадрлардан егеуқұйрықтарды көруге болады.

    Тұрғындар қоқысқа қатысты бірнеше рет шағымданғанына қарамастан, ПИК, учаскелік полиция инспекторлары және қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі ешқандай шара қолданбайтынын мәлімдеді.

    "Жақын жерде балалар ойын алаңы бар. Иттер ет қалдықтарын жеп, сүйектерді кеміреді. Осыдан егеуқұйрықтар пайда болады. Жалпы тұрғындар қалада егеуқұйрықтар көбейіп кеткенін айтуда. Егер шұғыл шара қолданбаса, олар ауру таратуы мүмкін", - деді белсенді Алмагүл Иксанова.

    Орал әкімдігі жағдайға қатысты түсініктеме берді.

    Қала билігі қазір табиғатты қорғау полициясымен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Нақты мекенжай анықталғаннан кейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі аумақты тазарту жұмысын ұйымдастырады.

    "Қала аумағындағы қоқыс алаңдарын тазарту жұмыстары күнделікті жүргізіледі. Сонымен қатар санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі және басқа да уәкілетті мекемелер егеуқұйрықтардың көзін жою бойынша шаралар қабылдау мәселесін қарастыруда", - деп мәлімдеді ведомстводағылар.

    Мұндай жағдаймен Орал маңында орналасқан Бәйтерек ауданының Мичурин ауылы тұрғындары да бетпе-бет келіп отырғаны хабарланды.

    Тұрғындар Комсомольская және Придорожная көшелерінде тұрмыстық қалдықтардың үйінділері пайда болып, онда егеуқұйрықтар қаптап жүргенін айтады.

    Ауыл тұрғындары жергілікті әкімдік мәселені шешу бойынша шара қолданбай отырғанын алға тартады.

    Бәйтерек ауданының әкімдігі агенттікке қоқыстың тұрғындар тастаған қалдықтардың көптігінен жиналып қалғанын түсіндірді.

    Ведомство өкілі ірі көлемдегі қоқысты шығаруға келісімшарт жасалғанын атап өтті. Жиналып қалған қалдықтарды бір-екі күн ішінде тазарту жоспарланып отыр.

    Орал тұрғындары қалада егеуқұйрық қаптап кеткенін айтып дабыл қақты

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram