"62 млн теңге": Ақтөбе облысында үш жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйінің қабырғасы жарылып кеткен
Жарияланған күні:

Ақтөбе облысының шалғай ауылындағы мәдениет үйінің жағдайына тұрғындар алаңдап отыр. Бірер жыл бұрын ғана жөндеуден өткен ғимараттың қабырғасы жарылып, төбесінің кей бөлігі түсіп жатыр. Ал Әйтеке би ауданы мәдениет үйінің директоры Азамат Сатбеков Жабасақ ауыл округын апатты деп айтуға ешқандай негіз жоқ екенін алға тартып отыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Әйтеке ауданына қарасты Жабасақ ауыылындағы жалғыз мәдениет ошағының жағдайы мәз емес. Кітапхана да, балаларды ән-күйге үйрететін үйірмелер де осында.
Қазір қабырғасында жарық пайда болған. Кейбір есік дұрыс жабылмайды, төбесі де оңып тұрған жоқ. Ғимаратқа күрделі жөндеу жасалғанына небәрі үш жыл болған. Оған 62 миллион теңгеден аса қаржы жұмсалған. Енді ауыл тұрғындары бұл ақшаның қаншалықты тиімді игерілгенін және мердігер жұмысты не себепті сапасыз орындағанын сұрап отыр.
Жабасақтықтар мәселені тексеріп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етеді. Шенеуніктер кемшілік бар екенін мойындады. Айтуынша, мердігердің кепіл міндеттемесі әлі аяқталған жоқ. Сол себепті кемшіліктерді мердігер компания өз есебінен жоюы керек.
"Тұрғындардың көрсетіп отырған төбедегі сызаты сылақ құлағаннан болған. Күрделі жұмыс жүргізу алдында Жабасақ ауыл округына техникалық сараптама жүргізіліп, нысанды күрделі жөндеуге болатыны жөнінде тиісті құжаттамалар жасақталған.
Сондықтан Жабасақ ауыл округын апатты деп айтуға ешқандай негіз жоқ. Қазір ауыл клубы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр", - дейді Әйтеке би ауданы мәдениет үйінің директоры Азамат Сатбеков.
Дереккөз: КТК телеарнасы
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2442829-62-mln-tengge-aqtobe-oblysynda-ush-zhyl-buryn-kurdeli-zhondeuden-otken-madeniet-uiining-qabyrgasy-zharylyp-ketken/