Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    Ұлттық экономика министрі Қазақстандағы азық-түлік бағасына қатысты мәлімдеме жасады

    Азық-түлік дүкені
    Көрнекі фото: pixabay.com

    Үкіметте өткен брифингте журналистердің бірі ұлттық экономика министріне жалақы өспей, баға қымбаттап жатқан жағдайда қазақстандықтар базалық қажеттіліктерін қалай өтейтіні туралы сұрақ қойылды. Министр сұраққа жауап беру барысында елімізде азық-түлік бағасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жалақының өсуі халықтың табысын арттырудың маңызды құрамдас бөлігі екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бәрі адамның қай салада жұмыс істейтініне байланысты.

    "Көлік және қоймалау саласында жалақы 28,8 пайызға өсті. Ауыл шаруашылығында жалақы 18,6 пайызға, құрылыста 14,4 пайызға, қаржы және сақтандыру қызметінде 16,5 пайызға, өнеркәсіпте орташа айлық жалақы 11,4 пайызға көтерілді.

    Жалақы көтерілмеген салалар: білім беру, өнер, ақпарат және байланыс, кәсіби және ғылыми-техникалық қызмет. Алайда бұл – негізінен мемлекет қатысатын салалар. Бірақ біз жақында ғана мемлекеттік қызметшілердің жалақысын көтердік", – деді Серік Жұманғарин.

    Азық-түлік бағасына қатысты ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы алғаш рет 0,1 пайызға төмендегенін атап өтті.

    "Азық-түлік бағасы өсіп жатыр, бірақ қазіргі таңда өсу қарқыны бәсеңдеді. Қыркүйекте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы алғаш рет 0,1 пайызға төмендеді.

    Қазанның бірінші аптасында да әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы түсіп жатыр. Сондықтан біз бағаның өсу қарқыны жоғары болмауы үшін немесе осы жағдайдағыдай көрсеткіш болуы үшін жұмыс істеп жатырмыз", – деп қосты министр.

    Ұлттық экономика министрі Қазақстандағы азық-түлік бағасына қатысты мәлімдеме жасады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram