Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    Қазақстанның тағы төрт автожолында орташа жылдамдықты бақылау іске қосылады

    автожол
    Автожол. Көрнекі фото: Көлік министрлігінің баспасөз қызметі

    Бүгіннен бастап Қазақстанның тағы төрт автожолында орташа жылдамдықты бақылау іске қосылады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "ҚазАвтоЖол" ҰК-ға сілтеме жасап хабарлайды.

    13 қазаннан бастап Қазақстанның тағы төрт ақылы автожолында орташа жылдамдықты белгіленген межеден асыру деректері тіркеле бастайды. "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ бақылау жүйесін кеңейтіп, оған жаңа бағыттарды қосты. Осылайша орташа жылдамдық бақыланатын ақылы жол бөліктерінің саны 11-ден 15-ке дейін артты.

    Орташа жылдамдық мына бағыттарда бақыланады:

    • Орал – РФ шекарасы (Самара);
    • Ақтөбе – РФ шекарасы (Орынбор);
    • Қостанай – Денисовка;
    • Қандыағаш – Мақат.

    Аталған жолдарда бақылау құрылғылары орнатылған аркалардың арақашықтығы өлшеніп, аппараттық-бағдарламалық кешендер сертификаттаудан өтті. Жүйе орташа жылдамдықты асыру деректерін тіркеп, тиісті мәліметтерді Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімінің (ӘІЖБТ) процессинг орталығына жолдайды.

    2026 жылдың басынан бері республикалық автожолдарда орташа жылдамдықты асырудың 550 мың, ал белгіленген нүктедегі жылдамдықты асырудың 163,5 мың дерегі тіркелген. Жалпы жылдамдықты асыруға қатысты 713 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталды.

    Еске сала кетейік, Қазақстанның республикалық автожолдарында орташа жылдамдықты бақылау жүйесі 2025 жылғы 17 наурыздан бері жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін жалпы ұзындығы 3 мың шақырымға жуық 11 ақылы жол бөлігінде бақылау жүргізіліп келді.

    Олар: Астана – Щучинск; Астана – Павлодар; Астана – Теміртау; Шымкент – Қызылорда; Шымкент – Тараз; Павлодар – Семей – Қалбатау; Орал – РФ шекарасы (Саратов); Павлодар – РФ шекарасы (Омбы); Алматы – Қорғас; Көкшетау – Петропавл; Ақтөбе – Қандыағаш.

    Жол бойындағы камералар автокөліктің бақылау аркаларынан өткен уақытын тіркейді. Жүйе осы уақыт пен екі арканың арақашықтығын есептеп, көліктің орташа жылдамдығын анықтайды. Сондықтан камераға жақындағанда ғана жылдамдықты төмендету жүргізушіні жауапкершіліктен босатпайды. Егер көлік бақылаудағы жол бөлігін рұқсат етілген орташа жылдамдықтан асырып өтсе, құқықбұзушылық тіркеледі.

    Қазақстанның тағы төрт автожолында орташа жылдамдықты бақылау іске қосылады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram