Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    "Пандустарда тұтқа жоқ": Еңбек министрлігі жаңа ғимараттардан кемшіліктер анықтады

    Мүгедектер арбасы
    Мүгедектер арбасы. Көрнекі сурет: pixabay.com

    Пайдалануға берілмес бұрын құрылыс нысандары мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын азаматтарға қаншалықты ыңғайлы екені тексеріледі – Еңбек министрлігі келіп түскен өтініштердің 26 пайызы ғана мақұлданғанын мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Биыл 1 шілдеден бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құрылыс нысандарының мүгедектігі бар адамдар мен жүріп-тұруы қиын азаматтарға қолжетімділігін зерделейді. Сондай-ақ нысанның талаптарға сәйкестігі туралы декларацияларды келіседі. Аталған міндет Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі күшіне енуіне байланысты енгізілді.

    1 қазандағы мәлімет бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аумақтық департаменттеріне 562 өтініш түскен. Оның 147-сі мақұлданған. Бұл – барлық өтініштің 26 пайызы. Ал 259 өтінішке, яғни 46 пайызына келісім берілмеген. Қалған өтініштер әлі қаралып жатыр.

    "Келісім берілмеуінің негізгі себептерінің бірі нысандардың құрылыс нормалары мен ережелерінде белгіленген қолжетімділік талаптарына сәйкес келмеуі. Мысалы кейбір пандустарда тұтқа жоқ немесе олар дұрыс орнатылмаған. Сондай-ақ ғимараттардың да есіктері тар. Мұндай кемшіліктер азаматтардың ғимаратқа қауіпсіз кіріп-шығуына және ішінде еркін қозғалуына кедергі келтіреді", - деп түсіндіреді ведомство өкілдері.

    Сонымен қатар өтініштердің біразы декларацияны қолжетімділік талаптары бойынша келісу міндетті емес нысандарға да қатысты түскен.

    Декларацияны қарау кезінде аумақтық департаменттер азаматтардың ғимаратқа кіріп-шығуына және оның ішінде қозғалуына қажетті жағдайлардың жасалғанын тексереді. Бұл ретте олардың келісімі тек нысанның қолжетімділік талаптарына сәйкестігіне қатысты беріледі. Ал құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына, олардың жобаға сәйкестігіне және нысанды пайдалануға қабылдауға тапсырыс беруші, мердігер және құрылыстың басқа да қатысушылары өз құзыреті шегінде жауап береді.

    "Нысанның қолжетімділігін тексергенде пандус пен тұтқаның бар-жоғына ғана емес, адамның ғимаратқа қауіпсіз кіріп, ішінде еркін қозғалуына және қажетті қызметтерді пайдалана алуына да мән беріледі. Атап айтқанда, кіреберіс пен жүріп-тұру жолдарының қолжетімділігі, пандустардың, тұтқалар мен есік ойықтарының белгіленген талаптарға сай болуы, сондай-ақ санитарлық бөлмелердің қолжетімділігі де бар. Бұдан бөлек ғимаратта қажетті ақпараттық белгілер мен көру, сипап сезу арқылы бағыт-бағдар алуға көмектесетін құралдардың бар-жоғына назар аударылады. Арба қолданатын, көру және есту қабілеті бұзылған адамдардың қажеттіліктері де ескеріледі", - дейді олар.

    Ғимараттардың қолжетімді болуы тек мүгедектігі бар адамдар үшін ғана емес, аға буын өкілдеріне, уақытша жүріп-тұруы қиындаған азаматтар мен балалар арбасын пайдаланатын ата-аналар үшін де маңызды.

    "Пандустарда тұтқа жоқ": Еңбек министрлігі жаңа ғимараттардан кемшіліктер анықтады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram