Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    "Дубайда бірнеше пәтер": ҚМА Перизат Қайраттың туыстарының мүлкіне қатысты мәлімдеме жасады

    Перизат Қайрат
    Перизат Қайрат. Фото: instagram.com/01pk

    ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайраттың туыстары Дубайда қылмыстық жолмен табылған ақшаға бірнеше пәтер сатып алды деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    ҚМА-ның мәліметінше, анонимді Telegram арналарының бірінде сотталған Перизат Қайраттың туыстарына Дубайда бірнеше пәтер тиесілі екені туралы ақпарат жарияланған.

    Агенттік бұған дейін аталған адамдардың жылжымайтын мүлікті Перизат Қайраттың қылмыстық жолмен тапқан ақшасына сатып алуы мүмкін деген болжамды тексергенін мәлімдеді. Алайда болжам расталмаған.

    "Тергеу барысында барлық қаржылық операция жан-жақты талданып, жымқырылған ақшаны заңдастырудың бүкіл тізбегі анықталды.

    Перизат Қайрат қайырымдылыққа жиналған ақшаны иемденіп, оны автокөліктер мен пәтерлер сатып алуға, пәтерлерді жөндеуге және жиһазбен жабдықтауға, қымбат брендтердің киім-кешегі мен әшекей бұйымдарына, бизнес-класпен ұшуға, сәнді қонақүйлерде тұруға, мейрамханалар мен ойын-сауық орындарына жұмсаған.

    Ал А. отбасы мүшелерімен қандай да бір қаржылық есеп айырысу жүргізгені анықталған жоқ. Оның үстіне, жарияланымдарда аталған жылжымайтын мүлік 2011-2019 жылдары, яғни "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоры құрылғанға және Перизат Қайрат қылмыстық әрекетке кіріскенге дейін сатып алынған. Жалпы, А. ерлі-зайыптылары 20 жылдан астам уақыт бойы жылжымайтын мүлік сатып алып, қайта сатумен айналысып келеді", - деп мәлім етті ҚМА-ның баспасөз қызметі.

    ҚМА-ның дерегінше, туыстары Перизат Қайрат пен оның анасынан бөлек тұрып, кәсіпкерлік қызметін де дербес жүргізген.

    "Түсіндіре кетейік, Қылмыстық-процестік кодекстің 161-бабына сәйкес, мүліктің қылмыстық жолмен алынғанын растайтын дәлелдер болған жағдайда ғана оны бұғаттауға және тәркілеуге жол беріледі.

    Күдіктілермен туыстық байланысы бар деген себептің өзі адамды қылмыстық жауапқа тартуға және мүлкін тәркілеуге заңды негіз бола алмайды", - делінген мәлімдемеде.

    "Дубайда бірнеше пәтер": ҚМА Перизат Қайраттың туыстарының мүлкіне қатысты мәлімдеме жасады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram