Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    "Қызға көңілі толмайтындар бар": Нұрлан имам ата-аналарға үндеу жасады

    Нұрлан Байжігітұлы
    Нұрлан Байжігітұлы. Видеодан кадр: instagram.com/nurlanimam.kz

    Танымал дін қызметкері Нұрлан имам ұл мен қыз тәрбиесіне қатысты пікір білдіріп, перзентінің жынысына көңілі толмайтын ата-аналарға маңызды ескерту жасады, деп хабарлайды Malim.kz.

    Әлеуметтік желіде тараған видеода Нұрлан имам баланың ұл немесе қыз болып дүниеге келуі Жаратушының қалауымен болатынын айтып, ата-аналарды әрбір перзентіне шүкіршілік етуге шақырған.

    "Жаратушы қыз берсе де, ұл берсе де, адам риза болуы керек. Бұл – Жаратқанның тағдыры. Бірақ жасыратыны жоқ, көп адам ұл күтеді. Алайда адам жақсылықты ұлдан көре ме, қыздан көре ме, әлде мүлде көрмей ме, оны уақыт көрсетеді. Сондықтан не берсе де шүкіршілік ету керек", – деді имам.

    Дін қызметкері қоғамда ұл баланы ерекше күтіп, қыз дүниеге келгенде көңілі толмайтын адамдардың кездесетінін де сөз етті. Оның айтуынша, қыз баланың дүниеге келуі де отбасы үшін үлкен қуаныш әрі береке.

    "Ең жоғарғы нәрсе – қыз босанған шаңырақ ұлықталады. Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі мақтаған", – деді Нұрлан имам.

    Сонымен қатар ол қыз тәрбиесінің әкеге тигізетін ықпалын көрсету үшін көпшілікке ой салатын мысал келтірді.

    "Бір азамат: "Егер әйелім ұл босанса, баламды өзім тәрбиелеймін. Онымен бірге спортқа барамын, түрлі іспен айналысамын", – дейді. Сонда біреу одан: "Ал егер қызың дүниеге келсе ше?" – деп сұрайды. Әлгі азамат: "Онда ол мені тәрбиелейді", – деп жауап берген”, – деді имам.

    Бұл мысал арқылы Нұрлан имам қыз баланың әке өміріндегі ерекше орнына назар аударды. Оның сөзінен қыз тәрбиесі әкенің өзіне де жауапкершілік жүктеп, мейірімділік пен қамқорлықты тереңірек сезінуге ықпал ететіні аңғарылады.

    Әлеуметтік желіде жарияланған видео оқырмандардың назарын аударды. Желі қолданушыларының бірі бес қызы бар екенін айтып, перзенттеріне шүкіршілік ететінін жазған.

    Нұрлан имамның бұл пікірі ата-ананың бақыты баласының ұл немесе қыз болуында емес, оның амандығы мен тәрбиесінде екенін тағы бір мәрте еске салды.

    "Қызға көңілі толмайтындар бар": Нұрлан имам ата-аналарға үндеу жасады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram