"Ертеңгі күнге деген сенім пайда болды": ата-анасының қамқорлығынсыз өскен Самал Кусумова мемлекеттен баспана алды

    Самал Кусумова
    Самал Кусумова. Фото: Жеке мұрағат

    Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекеттен баспана алу үшін тұрақты тіркеуде тұру міндетті емес. Дәл осы талап 15 жыл бойы тұрғын үй кезегінде тұрған Самал Кусумоваға Семей қаласынан өз пәтерінің кілтін алуға мүмкіндік берді, деп хабарлады Отбасы банк.

    Самал Кусумованың балалық шағы Абай облысындағы балалар үйінде өтті. 2003 жылы жетімдер үйіне түскен ол әуелі Науалы ауылында, кейін Шульбинск кентінде тәрбиеленді. Бүлдіршіннің болашағына бейжай қарамаған балалар үйіндегі тәрбиешілері 2009 жылы оны "жетім балалар" санаты бойынша баспана кезегіне қойған еді. Ол кезде бойжеткен мұндай кезектің бар екенін де білмеген.

    "Астанаға оқуға түскенімде колледж директоры ата-анасыз өскен 5-6 баланың басын қосып: "Сендер үй кезегінде тұрсыңдар, мемлекеттен баспана алуға мүмкіндік бар" деді. Сол кезде кезектегі мәртебемізді қайдан тексеруге болатынын және қажетті ақпаратты қайдан алатынымызды алғаш рет білдік", - деп еске алды Самал.

    Балалар үйінен шыққан соң бойжеткенге өз күнін өзі көруге тура келді. Ол оқи жүріп, бала күтуші, сатушы болып түрлі қызметте еңбек етті. Алайда тұрақты тіркеудің жоқтығы алғашқы жылдары үлкен кедергі болды.

    "Жетімдер үйінен кеткен соң мені ол жердегі тіркеуден де автоматты түрде шығарып тастады. Өз үйім болмағандықтан, қайтадан тұрақты тіркеуге тұру мүмкін болмады. Осының кесірінен ресми түрде жұмысқа орналаса алмай, алғашқы кездері келісімшартсыз жұмыс істеуге мәжбүр болдым", - деді ол.

    Араға 15 жыл салып, Самалға кезегі келгені туралы қуанышты хабар келді. Алайда жеке деректерді тексеру барысында оның Семейде тұрақты тіркеуі жоқ екені анықталып, кезегі тоқтап қалды.

    Бұл мәселенің тез әрі оңай шешілуіне мемлекеттік жүйедегі оң өзгерістер тікелей әсер етті. Тұрғын үй кезегі "Отбасы банкке" берілгеннен кейін барлық процесс автоматтандырылып, бұрынғы бюрократиялық кедергілер жойылды. Банк мамандары жетім балалар санаты үшін 3 жылдық тіркеу талабы жоқтығын нақтылап, кезекті бөгетсіз жылжытып берді.

    Осылайша, 2025 жылдың ақпан айында Самал Кусумова Семей қаласындағы жаңа тұрғын үй кешенінен ауданы 48 шаршы метрлік пәтердің кілтін алды. Баспана сатып алу құқығынсыз жалға берілген және ішінде бастапқы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

    Бұл пәтер Самал үшін көп жылдан бері қордаланып келген мәселенің шешімі ғана емес, болашаққа деген сенімнің бастауы болды.

    "Ертеңгі күнге деген сенім пайда болды. Өмірде қандай жағдай болмасын, енді кез келген сәтте қайтып баратын өз үйім бар екенін білемін", - деп қуанышын бөлісті.

    "Ертеңгі күнге деген сенім пайда болды": ата-анасының қамқорлығынсыз өскен Самал Кусумова мемлекеттен баспана алды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram