Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Непал мен Тибеттегі табиғи апаттан кейін қазақстандық туристер жоғалып кетті: СІМ жаңа мәліметтерді жариялады

    Непалдағы алапат тасқын
    Непалдағы алапат тасқын. Фото: Getty Images/Ritesh Shukla

    Непал мен Тибеттегі табиғи апаттан кейін жоғалып кетті делінген үш қазақстандық туристің бірі дін аман табылды. ҚР СІМ қалған екі туристің қайда екенін анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    ҚР СІМ Непал мен ҚХР Тибет автономиялық ауданындағы табиғи апат аймағында қалған Қазақстан азаматтарының жағдайын бақылауда ұстап отырғанын хабардар етті.

    "Непал тарапының мәліметінше, Непал аумағындағы іздеу-құтқару операциясы 5 қазанда ресми түрде аяқталды. Қазіргі уақытта зардап шеккен аудандарда қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, осы жұмыстар барысында табылған мәйіттер мен жеке заттардың тиістілігі анықталуда. ҚХР Тибет автономиялық ауданында ең көп зардап шеккен Гьиронг уезінде іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қытай тарапы сонымен қатар мәйіттерді анықтау және генетикалық сараптама бойынша жұмыстар жүргізуде", - делінген хабарламада.

    СІМ-нің нақтылауынша, бұған дейін Қазақстаннан келген үш турист хабар-ошарсыз кеткен деп есептелген болатын. Екеуі Непалда, біреуі Қытайда делінген. Непалда болуы мүмкін деп саналған және хабарсыз кеткендер тізімінде тұрған олардың біреуімен байланыс орнатылған. Оның табиғи апат аймағына сапардан бас тартқаны анықталды. Қазіргі уақытта ол Қазақстанда.

    "Қалған екі отандасымыздың тұрған жері әзірге анықталған жоқ. Олардың туыстары анықтауға қажетті рәсімдерден өтті, оның ішінде Непал мен ҚХР-дың құзыретті органдары белгілеген тәртіпке сәйкес, ДНҚ-ны талдау үшін биологиялық материал тапсырды.

    Қазақстандық дипломаттар хабарсыз кеткендердің отбасыларымен байланыста бола отырып, оларға қажет қолдауды көрсетуде", - делінген хабарламада.

    Естеріңізге сала кетейік, 26 тамызда Қытай мен Непал шекарасындағы өткел маңында көшкін жүргені белгілі болды. Бұл жол қатынасына, байланыс пен электр энергиясымен жабдықтауға кері әсерін тигізді.

    Кейіннен жойқын су тасқыны болғаны хабарланды. Табиғи апаттың салдарынан мыңдаған адам жоғалып кетті. Ірі су тасқынына жер сілкінісі мен одан кейінгі көшкін себеп болғаны айтылды.

    Кейін Қазақстан СІМ Непал мен Қытай шекарасындағы табиғи апат аймағында қазақстандық үш туристі іздестіріп жатқанын мәлім етті.

    Непал мен Тибеттегі табиғи апаттан кейін қазақстандық туристер жоғалып кетті: СІМ жаңа мәліметтерді жариялады

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram