Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    "Байланыс аясынан тыс жерде": Павлодар облысында 9 елді мекенде ұялы байланыс жоқ

    Ұялы байланыс
    Ұялы телефон ұстап тұрған адамдар. Көрнекі сурет: pixabay.com

    Павлодар облысында 9 елді мекен тұрғындары ұялы байланыс жоқтығынан жапа шегіп жүр. Байланыс операторлары халық саны аз екенін айтып, антенна орнатуға құлықсыздық танытыпты. Ал қыстыгүні халық жедел жәрдем де шақыра алмайды, дейді тұрғындар. Бұл туралы "Астана" телеарнасының тілшілері хабарлады.

    Баянауылдағы Сұлужон ауылында ұялы байланыс жоқ. Елдімекенде 200-ден аса адам бар. Тұрғындар байланысқа шығу үшін тау- тас кезіп кетеді. Алайда, сигналды қуалап тауып алу қиямет қайым.

    "Байланыс жоқ мүлдем. Не хабарласа алмаймыз. Вай-фай қатты желде сөніп қалады. Қарап тұрамыз. Ауыратын кісілер бар. Жай тұрған кісілер бар бәрі қиындық көріп отыр осы ауылда", - дейді ауыл тұрғыны Қарлығаш Багисова.

    Ауылдағы үйлер жеке меншік интернет желісіне қосылған. Алайда, екі күннің бірінде жарық өшіп қалатындықтан, оның өзін пайдалана алмай отыр.

    "Ауырып, сырқап қалсақ, бірімізбен біріміз хабарласа алмаймыз. Анау отырғанмен, міне жер хабарласа алмаймыз. Интернет жоқ. Қайда дөңге жүгіреміз. Скорый шақыру керек болса, дөң дөңге жүгіріп барып, дыбысты кейде әрең аламыз", - дейді тұрғын Қадет Құрманбайұлы.

    Шөптікөл ауылы да өркениет көшіне ілесе алмай отыр. Мұнда 60 шақты ғана  тұрғын бар. Ұядай ауылда ұялы байланыс жоқ.

    "Біреумен сөйлесетін болсақ, әйнекке немесе осы жерге келіп сөйлесеміз. Байланыс нашар. Байланыс нашар екенін ауданымыздың басшылар бәрі біледі. Өздері келді ғой жаздыгүні. Өздері де соткаларын алып, сөйлесе алмай тұрды", - дейді Шөптікөл ауылының тұрғыны Қайырбек Ахметов.

    Баянауылдағы байланысы жоқ ауылдар мәселесінен өңірдің цифрлық технологиялар басқармасы хабардар. Осы мәселені шешу мақсатында  тиісті жұмыстар жүріп жатқанын жеткізді.

    "Шөптікөл және Сұлужон ауылдарында 2027 жылы интернет қызметтерінде жоғары жылдамдыққа қол жеткізу мақсатында талшықты оптикалық байланыс желілерін салу жоспарланған. Ол жұмыс "Қолжетімді интернет" жалпы ұлттық республикалық бағдарлама бойынша 2027 жылы аяқталуға жоспарланған", - дейді облыстық цифрлық технологиялар басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Расул Жағыпаров.

    Басқарма өкілі бұған  адам санының аз болуы себеп болып отырғанын айтады. Десе де алдағы жылдары байланыс орнатылмаған елді мекендерге жоғары жылдамдықты интернет қоспақ. Ал ұялы байланыс мұнараларын орнату үшін халық саны 250 адамнан көп болуы керек, дейді.

    "Байланыс аясынан тыс жерде": Павлодар облысында 9 елді мекенде ұялы байланыс жоқ

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram