Қазақстанның шығысында Түрік қағанатының қалашығы табылды (фото)
Жарияланған күні:

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археологиялық экспедициясы ШҚО-ның Зайсан қазаншұңқырында ауқымды далалық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде ғалымдар Түрік қағанатының қалашығын тапты, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, далалық жұмыстар барысында ғалымдар Қалжыр мен Боран ауылдарының арасында орналасқан Қалжыр қалашығын жан-жақты зерделеген. Ескерткіштің аумағы 25 гектардан асады.
Археологтар қамалдың оңтүстік бөлігіндегі негізгі бекініс құрылыстарының қалдықтарын аршып, олардың едәуір бөлігі өрт салдарынан қирағанын анықтаған.
Зерттеу кезінде ғимараттардың ішкі құрылым элементтері, саз едендер, өрнек іздері сақталған сылақтар, сондай-ақ қамыс пен балшықтан жасалған құрылыс бөліктері табылған.
Археологиялық олжалар мен радиокөміртектік талдау нәтижелеріне сәйкес бұл нысан б.з. VI-VII ғасырларына жатады.
Алдын ала болжам бойынша қалашықтың салынуы Бірінші Түрік қағанатының өмір сүрген кезеңімен байланысты.
Табылған жәдігерлердің қатарында күйген бидай мен бұршақ дәндері, қыш ыдыстар, сондай-ақ ішінде сылдырмақ шаршығы бар құстың сирек кездесетін қыш мүсіншесі бар.
"Зерттеу барысында соңғы қола дәуіріне жататын керексұр жерлеу құрылысы анықталды. Бұл олжа негізгі таралу аймағы Шыңжаң мен Моңғолия болатын мұндай ескерткіштердің батыс шекарасы туралы ғылыми түсінікті кеңейте түсті. Жиналған деректер өңірдің цифрлық модельдері мен геоақпараттық жүйесін әзірлеуге пайдаланылады", - дейді экспедиция жетекшісі, ҚазҰУ-дың Археология, этнология және музеология кафедрасының доцент-зерттеушісі Никита Константинов.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2439961-shygys-qazaqstanda-turik-qaganatynyng-qalashygyn-tabyldy-foto/