Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Ерлан Қарин әйгілі Джеки Чанмен кездесті: олар не туралы сөйлесті

    Джеки Чан және Ерлан Қарин
    Джеки Чан және Ерлан Қарин. Фото: Ақорда

    Қазақстанның вице-президенті Ерлан Қарин құрамында аты аңызға айналған актер Джеки Чан бар халықаралық киножоба тобымен кездесті, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    Ақорданың ресми сайтында хабарланғандай, мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша вице-президент Ерлан Қарин халықаралық киножобаның түсірілім тобы мүшелерімен кездескен.

    Кездесуге әлемге әйгілі режиссер әрі киноактер Джеки Чан, сондай-ақ шетелдік және қазақстандық продюсерлер Эсмонд Рен, Рүстем Омаров, Игорь Цай және Орынбасар Құдайбергенов келген.

    "Кездесу барысында кинематография саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері, сондай-ақ бірлескен киножобаларды одан әрі жүзеге асыру мүмкіндіктері талқыланды", - делінген хабарламада.

    Ерлан Қарин президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың креативті индустрияны дамытуға және азаматтардың шығармашылық әлеуетін паш ету үшін жағдай жасауға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өткен.

    Джеки Чанмен кездесу
    Джеки Чанмен кездесу. Фото: Ақорда

    Сонымен қатар вице-президент ірі халықаралық киножобалардың Қазақстанда түсірілуі отандық киноиндустрияның дамуына, жергілікті мамандардың кәсіби мүмкіндіктерін шыңдауға және халықаралық киноөндіріс үшін елімізді әлеуетті алаң ретінде танытуға ықпал ететінін айтқан.

    Кездесуде кино саласындағы жаңа технологияларды дамыту бағытына да ерекше назар аударылған. Ерлан Қарин мемлекет басшысының шешімімен жарияланған биылғы Цифрландыру және жасанды интеллект жылында елордада Astana AI Film Festival өткенін жеткізген.

    "Оған әлемнің 125 елінен 8 мың өтінім келіп түсті. Қатысушылардың ауқымы мен географиясы жағынан бұл фестиваль АІ-киноға арналған әлемдегі ең ірі іс-шара ретінде танылды", - делінген хабарламада.

    Кездесу соңында Ерлан Қарин Джеки Чанға Қазақстанға деген айрықша ықыласы үшін алғыс айтып, жобаға қатысушылардың алдағы шығармашылық жұмысына табыс тілеген.

    Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы қыркүйектің соңында атақты актер Джеки Чан әлеуметтік желіде қазақстандық серіктестерімен түскен фотосын жариялап, Қазақстанға локацияларды зерттеу үшін келгенін жазған еді.

    Кейін әйгілі актер басты рөлде ойнаған "Доспехи Бога" фильмінің төртінші бөлімі Қазақстанда түсірілейін деп жатқаны белгілі болды.

    Картинаның қоюшы режиссері – қазақстандық Роберт Кун.

    Туынды кең халықаралық прокатқа бағытталған. Негізгі түсірілім алаңдары Алматы қаласында, Алматы және Маңғыстау облыстарында орналасады.

    Фильмінің түсіріліміне қатысу үшін 9 шілдеде Джеки Чан Алматыға келді. Кейін Маңғыстауға барды.

    Түсірілім тобының айтуынша, экшн-сахналарды қоюмен Джеки Чанның өзі айналысады.

    Ерлан Қарин әйгілі Джеки Чанмен кездесті: олар не туралы сөйлесті

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram