Айтолқын Адырбай
    Айтолқын Адырбай
    Қазақ редакциясының шеф-редакторы

    "Үй жарамай қалды, малдар өлді, қора құлап жатыр": Түркістан облысында жаңбырдан кейін тұрғындар шығынға батты

    Түркістан облысындағы сел
    Түркістан облысындағы сел. Кадр: КТК телеарнасы

    Түркістан облысында жарты сағат жауған жаңбырдың соңы тасқынға ұласып, су баспаналарға кірді. Қазығұртқа қарасты бірнеше ауылды су басып, аулаларды балшықтан әлі тазартып жатыр. Кейбір үйдің қабырғасына сызат түскен. Қызыл судан әсіресе Қосағаш ауылының жұрты зардап шеккен. Құлаған қоралар мен суға тұншығып өлген малдар да бар. Селден зардап шеккен елдің жайын КТК тілшісі көріп келді.

    Жергілікті тұрғындардың бірі Дәуренбек Сманов болған жайтты телеарна тілшісіне айтып берді.

    "Сайдан келген су толып, асфальттың үстінен, 30 см биіктіктен жоғарыдан бері қарай су ақты. Кейін мына тесіктен тесіп шықты да, мына тесіктің жартысына дейін ағып мтескен кезде сайдың суы лап берді", - дейді ол.

    Жауын-шашыннан әсіресе Қосағаш ауылы қатты зардап шеккен. Қазір мұнда тұрғындар, құтқарушылар мен еріктілер селдің салдарымен күресіп жатыр. Жарты сағаттан астам жауған жаңбыр Қосағаш ауылының астаң-кестеңін шығарды. Қырдан жиналып келген қызыл су екпінмен келіп ұрғанда, бетон мен кірпіштен салынған шарбақтар шыдас бермеген. Әп-сәтте аулаларды басып, үйлерге кірген тасқын су бір жарым метрге дейін көтерілген. Үйін биыл ғана жөндеп кіріп отқан Темір ақсақалдың жалғыз баспанасын сел бұзып кірген.

    Қабырғасы қақырап, үйіндегі дүние-мүлкі жарамсыз боп қалған бірінші топтағы мүгедек, үйдегі алты адаммен қайда барарын білмей отыр.

    "Үй жарамай қалды, малдар өлді, қора құлап жатыр. Отыратын жер қалмады. Мына қазақ елінен жәрдем сұраймын, әкімшілік тарапынан, Түркістан облысынан. Үйде алты жан тұрамыз. Келінім екіқабат, мына таңда кімнің үйіне барып отырамыз? Әрі кетсе үш күндей паналармыз", - дейді Темір Құдакелдіұлы.

    Ал Данияр Сейітханов селдің салдарынан кәсібінен айрылды. Наубайхана ұстап, төңіректегі дүкендерге нан тарататын 27 жастағы жігіт 40 қап ұнынан да, қажет электр жабдықтарынан да айрылған. Бір кездері ауылды айнала, тасқын судан қорғайтын арықтар болған екен. Кейін оның үстіне үйлер түсіп, арық-атыздар жоғалған, дейді тұрғындар. Селден зардап шеккендер енді сол қашыртқылар қалпына келтірілсін деп отыр.

    "Біздің төбемізде арық болатын, үлкен арық, сол арықтан су ағатын. Қазір сол арықтың бәрін жауып, жұрт көпір салып, қора салып, тал егіп тастаған. Енді сол сайдан келген су қайда кетеді? Талабым — жоғарыдан арық қазып берсін. Тағы жаңбыр жауса, тағы бізге келеді. Төбеден арық қазсын, канал қазып,  ауылдың етегіне түсіп кететін қылып берсін", - дейді Лиза Жарқынбекова.

    Ал аудандағы шенеуніктер кешеден бері техника мен жұмыс күшін ұйымдастырып, тасқын салдарымен күресіп жатырмыз дейді. Арық-атызды қазып, селдің алдын алу жұмыстарын күшейтпек. Әзірге қанша отбасы зардап шеккені есептеліп жатыр, дейді жауаптылар.

    "Таңнан бері қалпына келтіру жүргізіліп жатыр. Үйлердің бәрін аралап жатырмыз, өзім де әр үйді қарап шығып жатырмын. Сосын қосымша жұмыс күшін тартамыз. Ауыл округтерінің бәрін тартқанбыз", - дейді Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Медеуов.

    Қазір зардап шеккен баспаналар мен дүние-мүліктерді актілеп жатыр.  Оларға бюджеттен емес, демеушілер есебінен көмектесуге тырысамыз, дейді жауаптылар. Осыған дейін жүргізілмеген арық-атыздар да бүгін қазыла бастады.

    КТК телеарнасы

    "Үй жарамай қалды, малдар өлді, қора құлап жатыр": Түркістан облысында жаңбырдан кейін тұрғындар шығынға батты

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram