Эльмира Асқарқызы
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    "Денис қазақ тілін жақсы меңгерген": Шымкентте бойы 2 метрге жуық "Гулливер" әскерде қызмет етіп жүр

    Денис
    Денис Мухин. Видеодан кадр: t.me/qr_iim_uu

    ІІМ-нің Ұлттық ұланының Шымкенттегі 6506 әскери бөлімінде "Гулливер" қызмет атқарады. Бойы екі метрге жуық қатардағы жауынгер Денис Мухин 47-өлшемді аяқ киім киеді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    ІІМ-нің Ұлттық ұланының Telegram-дағы арнасында хабарланғандай, 19 жастағы жігіт Алматы облысынан мерзімді әскери қызметке шақырылған. Әскерге дейін ол Талғар политехникалық колледжін "автоэлектрик" мамандығы бойынша бітірген.

    Денис бала кезінен волейболмен айналысқан. Тоғызыншы сыныпта-ақ 45 өлшемді аяқ киім киді. Оның айтуынша, бойы мен аяқ киім өлшемінің үлкен болуы әкесінен дарыған.

    Денистің бой ерекшелігі әскери қызметінің алғашқы күндерінде-ақ байқалды. Оқу пунктінде өзіне шақ аяқ киім іздестіріліп жатқанда, әскери бөлім берген кроссовкамен бірнеше күн жүруге тура келген.

    Тыл қызметі көп ұзамай 47 өлшемді аяқ киім тауып берді. Содан бері ерекше үлкен бәтеңке ұландықтың әскери киіміндегі көзге бірден түсетін бөлшектердің біріне айналды.

    Қазір ұландық сарбаз Шымкент көшелерінде күн сайын патрульдік қызмет атқарып, қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

    Денис қаруластарының арасында бойымен ғана ерекшеленбейді. Ол қазақ тілін жақсы меңгерген және күнделікті қызмет барысында қазақша еркін сөйлеседі.

    Бүгінде көшедегі жұрттың назары бойы ұзын ұландыққа жиі ауады. Ал қаруластары Денисті әзілдеп "Гулливер" деп атап кеткен.

    "Денис қазақ тілін жақсы меңгерген": Шымкентте бойы 2 метрге жуық "Гулливер" әскерде қызмет етіп жүр

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram