5 пайыздық несие, жаңа технология және миллиондаған өнім: Қостанай фермерлері өндірісті қалай дамытып жатыр

    Аграрлық Несие Корпорациясы
    Фото: Аграрлық Несие Корпорациясы

    Бірі көкөністі өңдеп, тұтынушыға дайын өнім ұсынса, екіншісі жылына 1,5 миллион бройлер өсіріп, нарықты құс етімен қамтамасыз етеді. Қостанай облысындағы осы екі кәсіпорын да мемлекеттік жеңілдетілген несие көмегімен өндірісін кеңейтіп келеді, деп хабарлайды Аграрлық несие корпорациясы.

    Супермаркет сөрелеріндегі жуылған сәбіз бен дүкендерге жеткізілетін мыңдаған тонна құс етінің артында қандай еңбек жатыр?

    Алғашқы бағыт – "Садовод" шаруа қожалығы. Мұнда көкөністің бес түрі өсіріліп, өнімнің бір бөлігі ұзақ мерзімге сақталады. Ал қалғаны өңделіп, Қазақстанның супермаркеттеріне жөнелтіледі. Шаруашылықтың ерекшелігі – көкөністі тұтынушыға дайын күйінде ұсынуы. Өнім жуылып, сұрыпталып, арнайы жабдықтар арқылы өңделеді.

    Аграрлық Несие Корпорациясы
    Фото: Аграрлық Несие Корпорациясы

    Сұраныстың артуы кәсіпорынды өндіріс көлемін ұлғайтуға итермелеген. Шаруашылық басшысы Виктор Симаненконың айтуынша, алғашқы өндірістік желіге деген сұраныс күткеннен де жоғары болған. Сондықтан кәсіпорын екінші желіні іске қосып, сәбізді жылтырататын арнайы жабдық сатып алған.

    "Біз бұл бағытты тәжірибе жүзінде сынап көрдік. Сұраныс ұсыныстан асып түсті. Сондықтан екінші желіні іске қосып, сәбізді жылтыратуға арналған жабдық сатып алдық. Қазір суармалы жер көлемін де ұлғайтып жатырмыз. Техниканы жыл сайын жаңартамыз. Жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен берілетін несиелер – біз үшін үлкен қолдау", - дейді Виктор Симаненко.

    Аграрлық Несие Корпорациясы
    Фото: Аграрлық Несие Корпорациясы

    Келесі кәсіпорын – "Жас Қанат" бройлер құс фабрикасы. Мұндағы өндіріс ауқымы да назар аударуға тұрарлық. Кәсіпорында жылына 1,5 миллион бройлер өсіріліп, отандық нарыққа 5,7 мың тоннадан астам өнім жеткізіледі. Өндіріс көлемін одан әрі арттыру үшін фабрикада жабдықтар жаңартылып, жаңа құс қоралары мен өндірістік цехтар салынуда.

    Кәсіпорын директоры Ирина Садуакасова жеңілдетілген несиелер өндірістің қарқынды дамуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

    Аграрлық Несие Корпорациясы
    Фото: Аграрлық Несие Корпорациясы

    "Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған төмен пайыздық мөлшерлемемен берілетін несиелер өте тиімді. Олар кәсіпорынның жылдам дамуына, өндіріс көлемін қысқа мерзімде арттыруға мүмкіндік береді. Бұл – инвестицияның тез қайтарылуы, салық түсімдерінің көбеюі және өнім өндірісінің ұлғаюы", - дейді Ирина Садуакасова.

    Екі кәсіпорынның тәжірибесі ауыл шаруашылығында қаржыландырудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Биыл Қостанай облысында "Аграрлық несие корпорациясы" арқылы 714 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге жалпы сомасы 47 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген.

    Аграрлық Несие Корпорациясы
    Фото: Аграрлық Несие Корпорациясы

    Корпорацияның Қостанай облыстық филиалының директоры Мэлс Байболовтың айтуынша, мемлекеттік бағдарламалардың негізгі артықшылығы – қолжетімді несие мөлшерлемесі мен кәсіпкерлерге ұсынылатын кепілдік мүмкіндіктері.

    Мемлекеттік қолдау, заманауи технология және кәсіпкерлердің бастамасы – Қостанай облысындағы агроөнеркәсіптің дамуына ықпал етіп отырған негізгі тетіктер. Ал өндірістің кеңеюі өңір экономикасына инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық нарықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етуге жағдай жасайды.

    5 пайыздық несие, жаңа технология және миллиондаған өнім: Қостанай фермерлері өндірісті қалай дамытып жатыр

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram