Эльмира Асқарқызы
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    Алматыда жалдамалы тұрғын үй алғандар оны басқаларға заңсыз жалға беріп келген: 114 пәтер босатылды

    кілт
    Кілт. Көрнекі фото: pexels.com

    Алматыда коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген баспаналарды заңсыз жалға берудің 172 дерегі анықталды. Тексеру шаралары мегаполистің бірнеше ауданында жүргізілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қалалық әкімдікке сілтеме жасап.

    Ведомство өкілдерінің айтуынша, Алматыда коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген баспаналардың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүріп жатыр.

    Әкімдіктің мәліметінше, жыл басынан бері Алматы қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының қызметкерлері 3 125 пәтерді тексерді. Тексеру жұмыстары қаланың Наурызбай, Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарында жүргізілді.

    Мониторинг қорытындысы бойынша тұрғын үйді үшінші тұлғаларға заңсыз берудің 172 дерегі анықталды. 114 жағдайда пәтерлер босатылды, қалған 58 пәтер бойынша сотқа дейінгі талап-арыздар жолданды.

    Әкімдіктегілер атап өткендей, тексеру барысында пәтерлерді қосалқы жалға беру, жалдау шартында көрсетілмеген адамдардың тұруы, сондай-ақ жалдау ақысын төлеу міндеттемелерін бұзу фактілері анықталуда.

    "Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 24-бабының 3-тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы орган берген тұрғын үйді жалдаушылар қосалқы жалдаушыларды және уақытша тұрғындарды кіргізуге құқылы емес. Жалдамалы тұрғын үйді қосалқы жалға беру немесе үшінші тұлғаларға беру жалдау шартын бұзуға негіз болып саналады", - деп түсіндірді ведомстводағылар.

    Босатылған пәтерлерде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

    Әкімдік өкілдері жұмыстар аяқталғаннан кейін баспаналар жалдамалы пәтерге кезекте тұрған азаматтарға берілетінін мәлімдеді.

    Алматыда жалдамалы тұрғын үй алғандар оны басқаларға заңсыз жалға беріп келген: 114 пәтер босатылды

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram