Эльмира Асқарқызы
    Эльмира Асқарқызы
    Аға журналист

    Еліміздің мектептерінде смартфон қолданудың нақты ережесі бекітілді

    ұялы телефон
    Ұялы телефон. Көрнекі фото: pexels.com

    Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың мектепте смартфон қолдану ережелерін айқындайтын бұйрық қабылдады. Телефонды тек мұғалімнің рұқсатымен ғана пайдалануға болады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінің сайтында орта білім беру ұйымдарында телефон қолданудың ережесі жазылған Оқу-ағарту министрінің бұйрығы жарияланды.

    Қай кезде телефон қолдануға рұқсат етіледі

    Құжатқа сәйкес, сабақ кезінде ұялы байланыс абоненттік құрылғысы қолданылмайды, алайда:

    • оқу мақсатында педагогтің нұсқауы бойынша, оны тапсырма орындау үшін пайдалану қажет болғанда;
    • білім алушының, тәрбиеленушінің немесе өзге де адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар туындағанда;
    • білім алушының немесе тәрбиеленушінің денсаулық жағдайына байланысты ұялы байланыс абоненттік құрылғысын пайдалану қажет болғанда пайдалануға болады.

    Бұйрықта сабақ басталғанға дейін білім алушы телефонды дыбыссыз режимге қойып, вибрация мен дыбыстық сигналдарды өшіруі немесе оны толығымен сөндіруге тиіс екені жазылған.

    Сонымен қатар мектепте ұялы байланыс абоненттік құрылғыларын қою үшін арнайы жабдықталған орындар айқындауға болады.

    Сабақ кезінде телефон қажет болса

    Бұйрықта оқу мақсатында ұялы байланыс абоненттік құрылғысын пайдалану кезінде педагогтің міндеттері көрсетілген:

    • орындау үшін абоненттік құрылғыны пайдалану қажет болатын оқу тапсырмасын айқындайды.
    • абоненттік құрылғыны пайдалануды бастамас бұрын білім алушылар мен тәрбиеленушілерге оқу тапсырмасының мазмұнын, оны пайдалану тәртібі мен ұзақтығын түсіндіреді.
    • оқу тапсырмасын өз бетінше орындауға қойылатын талаптарды және оны орындау кезінде абоненттік құрылғыны пайдаланудың рұқсат етілген тәсілдерін түсіндіреді.
    • абоненттік құрылғыны пайдалануды бастау және тоқтату туралы нұсқау береді.

    Ал оқушы смартфонды тек педагог айқындаған оқу тапсырмасын орындау үшін ғана пайдалануға тиіс. Телефонда фото, аудио және видео жазу функцияларын пайдалануға да тек педагогтің нұсқауы бойынша ғана рұқсат етіледі.

    Айта кетейік, министрдің бұйрығы 9 қазанда күшіне енеді.

    Еліміздің мектептерінде смартфон қолданудың нақты ережесі бекітілді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram