Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Маңғыстаудағы трагедиядан кейін Қазақстан армиясында не өзгереді

    Айдос Мырзахметов
    Айдос Мырзахметов. Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

    Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов басшылық құрамымен алғашқы жұмыс кеңесін өткізді. Жиында Қарулы күштерді одан әрі дамыту және реформалау бағытындағы негізгі міндеттер айқындалды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

    Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, басты назар мемлекет басшысы берген армияны кешенді жаңғырту жөніндегі тапсырмаларды іске асыруға аударылған.

    "Бұл ретте заманауи қауіп-қатерлер, қарулы қақтығыстардың тәжірибесі, әскери технологиялардың қарқынды дамуы және әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері ескеріледі.

    Негізгі басымдық әскерлердің нақты жауынгерлік әзірлігін арттыруға, басқару жүйесін жетілдіруге, жауынгерлік даярлықтың сапасын көтеруге және қару-жарақ пен әскери техниканы дамытуға бағытталатын болады", - делінген хабарламада.

    Әскери қызметшілердің моральдық және жауынгерлік рухын нығайту өзгерістердің маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындалып отыр.

    "Командирлерге әскери ұжымдарда салауатты моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыру, тәрбие жұмысының сапасын арттыру, сондай-ақ жеке құрамның қызмет ету жағдайларын жақсарту жөнінде міндеттер жүктелді.

    Әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жарғыға жат қарым-қатынастардың алдын алуға және оларға қатаң түрде жол бермеуге ерекше назар аударылуы тиіс", - делінген хабарламада.

    Министр әскери қызметшілерді даярлау тәсілдерін қайта қараудың қажеттігін атап өткен.

    Оның айтуынша, оқыту қазіргі заманғы ұрыс қимылдарын жүргізу жағдайына барынша сәйкес келіп, практикалық тәжірибеге, заманауи қақтығыстарды талдауға негізделуі керек. Сонымен қатар ұшқышсыз жүйелерді, радиоэлектрондық күрес құралдарын, барлау, байланыс және басқа да жаңа технологияларды қолданудың заманауи тәсілдері ескерілуі қажет.

    "Әскери бөлімшелерді өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға дайындауға ерекше назар аударылды. Командирлерге жеке құрамның жоғары деңгейдегі даярлығын, бөлімшелердің үйлесімді іс-қимылын және әртүрлі жағдайларда әрекет етуге тұрақты әзірлігін қамтамасыз ету тапсырылды.

    Әскерлерді басқару жүйесін жетілдіру де реформаның жеке бағытына айналмақ. Бұл ретте үдерістерді одан әрі цифрландыру, басы артық әкімшілік рәсімдерді, есептілік пен практикалық маңызы жоқ кеңестерді қысқарту көзделіп отыр. Босатылған ресурстар әскерлердің жауынгерлік қабілетін арттыруға тікелей бағытталуы тиіс", - делінген хабарламада.

    Сондай-ақ армияны материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғаса береді. Бұл ретте сатып алу және ресурстарды бөлу әскерлердің нақты қажеттіліктері мен жауынгерлік даярлықтың басым бағыттарын ескере отырып, жүзеге асырылуы тиіс.

    Министр бюджет қаражатын ұтымды әрі тиімді пайдалануды қамтамасыз етуді, тиімсіз шығындарға жол бермеуді және қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруды тапсырған.

    "Армия есептік көрсеткіштер мен көзбояушылық іс-шаралар үшін емес, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін дамуы керек. Әрбір үдеріс, әрбір шешім және бөлінген әрбір ресурс практикалық нәтижеге ие болып, Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталуы тиіс. Әрбір сарбаз өзін қауіпсіз сезінуі керек", - деп атап өтті қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов.

    Кеңес барысында мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан Қорғаныс министрлігінің қызметіне кешенді тексеру барысы да қаралған. Құрылымдық бөлімшелердің басшыларына комиссия жұмысына қажетті қолдау көрсетіп, талап етілген барлық ақпаратты ұсыну тапсырылған.

    Маңғыстаудағы трагедия

    Естеріңізге сала кетейік, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды. Оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райының кенеттен әрі күрт нашарлап, жел екпінінің күшеюі салдарынан ашық теңізге 17 әскери қызметшіні алып кетіп, олардың 14-і қаза тапты.

    Үш әскери қызметші құтқарылып, біреуі ауруханаға жатқызылды.

    Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалып, Қорғаныс министрлігі жүйесінен бес лауазымды тұлға ұсталды.

    Қайғылы оқиғадан кейін Дәурен Қосанов қорғаныс министрі лауазымынан босатылды. Оның орнына Айдос Мырзахметов тағайындалды.

    Маңғыстауда әскери қызметшілердің қазасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия құру туралы өкімге қол қойды.

    Маңғыстаудағы трагедиядан кейін Қазақстан армиясында не өзгереді

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram