Гүлмира Ерубаева
    Гүлмира Ерубаева
    Контент-ресечер

    Алматыда туристер тауда қар барысына кезікті (видео)

    Қар барысы
    Қар барысы. Видеодан кадр: instagram.com/quasar.hcn

    Қазақстандық әйел әлеуметтік желіде Алматы тауларында қар барысын кездестіргені туралы видео жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

    quasar.hcn лақап атымен тіркелген қазақстандық қолданушы Instagram желісінде Алматы тауларында серуендеп жүріп қар барысын көргенін айтты.

    "Қазақстан, Алматы. Тау елесі. Мұны өз көзімізбен көргенімізге әлі де сену қиын. Тауға көтеріліп бара жатқанымызда артымыздан бір ит ерді. Ол бұған дейін де қайта-қайта үріп қойған еді. Оның тиіндерге үріп жатқанын көріп, басында еш мән бермедік.

    Ол кезде камера қосулы тұрған болатын, мен де жоғары көтеріліп бара жатқанымызды түсіруді жалғастыра бердім. Кенет тура соқпаққа қар барысы шыға келді.

    Біз, әрине, аң-таң болып қалдық. Мұндай жағдайда ең бастысы – жыртқышқа жақындамау және иттің оған тиісуіне жол бермеу еді. Біз итті оған жақындатпай, өзімізбен бірге алып кетуге тырыстық, бірақ ол бізге қарай келмей, үре берді", - деп жазды видео авторы.

    Оның айтуынша, біраз уақыттан кейін басқа жақтан туристер келіп қалған.

    "Барыс беткеймен жоғары қарай кетіп қалды. Ит оны байқап үре бастағанда, жігіттер итті төмен қарай алып кетті. Біз соқпақпен келе жатқан тағы бірнеше адамды күтіп, сол учаскеден бәріміз бірге өттік.

    Шамасы, жақын маңда жемтігі болған сияқты, иісін сездік, бірақ өзін көрмедік. Сондықтан жыртқышты арандатпауға және жақындамауға тырыстық", - деді ол.

    Әйел бұл сәтті ешқашан ұмытпайтынын айтты.

    "Біз қар барысының өте сирек кездесетінін әрі бағалы жануар екенін түсінеміз, сондықтан әдейі нақты қай жерде көргенімізді айтпаймыз", - деп жазды ол.

    NUR.KZ тілшісі пікір алу үшін Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне хабарласты.

    Алматыда туристер тауда қар барысына кезікті (видео)

    Барлығын бірінші болып біліп отырыңыз

    Бізге жазылып, Қазақстанның өзекті жаңалықтарынан, қызықты суреттер, видеолар мен эксклюзивтерден хабардар болыңыз.

    Instagram