"Жұлдызда" спорттың он түрінен тегін секциялары бар жаңа спорт кешені ашылды
Жарияланған күні:

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов "Жұлдыз" шағынауданындағы жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуына қатысты, деп хабарлайды өңір әкімдігі.
Екі қабатты кешен бір уақытта 500 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда спорттың он түрінен тегін секциялар жұмыс істейді. Олар: бокс, дзюдо, тхэквондо, каратэ, грек-рим және еркін күрес, футбол, волейбол, баскетбол және гандбол.
Кешенде "Жұлдыз" және оған таяу маңдағы Ақжар, Ақсай, Бесікті, Томарлы, Мирас, Геолог сияқты елді мекендерде тұратын балалар мен жасөспірімдер жаттыға алады.
"Біз заманауи әрі көпшіліктің қолы жететін спорт нысандарын сала отырып, балалар мен жастардың белсенді, салауатты өмір салтын ұстануына негіз қалаймыз. Мұнда болашақ чемпиондар тәрбиеленіп шығарына сенімдімін", - деді Болат Ақшолақов.
Балалармен 40-тан астам бапкер жұмыс істемек. Кешенде арнайы спорт және фитнес залдары, ойын алаңдары мен жарыстар өткізуге арналған 180 орындық трибуна бар.
Ауданы 1,5 гектарлық нысанның құрылысы былтырғы наурызда басталған еді.
Бұл – өңірде жыл аяғына дейін пайдалануға берілетін он спорт нысанының алғашқысы. Жалпы облыста 23 спорт нысаны салынып жатыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2429685-zhuldyzda-sporttyng-on-turinen-tegin-sektsiialary-bar-zhanga-sport-kesheni-ashyldy/
