"Суға баратын жолды қоршап алды": Алматы облысында ауыл тұрғындары мал жаятын жерден қағылғанын айтты
Жарияланған күні:
Читать на русском
Алматы облысындағы екі ауылдың тұрғындары жердің жеке меншікке өтіп кетуіне байланысты мал жаятын жерсіз қалғандарына шағымданды, деп хабарлайды Astana TV.
Телеарнаның мәліметінше, келеңсіз жағдай Ұзынағаш және Жаңақұрылыс ауылдарында қалыптасқан. Тұрғындар жылдар бойы малын Қарасу өзенінің жағасында жайып келген.
Шамамен 10 жыл бұрын жағдай өзгере бастаған: жеке үйлер көптеп түскен, ал суға баратын жолдар қоршаумен жабылды. Енді тұрғындар малды жайылымға шығару үшін бірнеше шақырым жерді айналып өтуге мәжбүр.
"Мал жаю былай тұрсын, тіпті суға да жақындай алмай отырмыз. 10 жылдан астам уақыт бойы мен мұнда 300 бастан астам мал бақтым. Қазір 40-50 сиырды да суға апара алмаймыз. Осы мәселе бойынша 10 жылға жуық уақыттан бері қиналып келеміз", - деді Жаңақұрылыс ауылының тұрғыны Жомарт Әпетаев.
Су кодексіне сәйкес, су қорғау аймағының кем дегенде ені 35 метр болуға тиіс. Алайда қазір қоршау өзенге тиіп тұр. Тұрғындар бұл мәселе бойынша жыл сайын әкімдікке жүгінетінін, бірақ әлі күнге дейін ешқандай шара қолданылмағанын айтады.
"Жер учаскелері конкурс негізінде берілгенде, дайындық жұмыстары жүргізілгенде су қорғау аймағының нормалары мен мал айдау жолдары ескерілген. Ал қазіргі қоршауларға келетін болсақ, бұл даулы мәселе туындатып отыр. Бұл – жер иесінің жауапкершілігі. Яғни ол нормаларды ескерместен қоршап алған", - деді Ұзынағаш ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Әлия Әбуова.
Әкімдіктегілер қазіргі таңда заңсыз қоршауды алып тастау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Егер жер иелерімен келісімге келу мүмкін болмаса, билік су қорғау аймағын босату үшін сотқа жүгінеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2429486-suga-baratyn-zholdy-qorshap-aldy-almaty-oblysynda-auyl-turgyndary-mal-zhaiatyn-zherden-qagylganyn-aitty/
