"Аманмын, алаңдамаңдар". Алматы облысында жоғалған 17 жастағы Ясминаны әлі іздеп жатыр
Жарияланған күні:

Бір жарым айдан бері ұшты-күйлі жоқ. Алматы облысында 17 жастағы қызды туыстары шарқ ұрып іздеп жатыр. Жасөспірім ата-анасы ұйықтап жатқанда үйден шығып кетіп, сол күйі оралмаған. Ясмина Шертаеваны іздеуге полицейлер мен еріктілер де жұмылдырылған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Бір жарым ай бұрын үйінен шығып, үз-түзсіз жоғалған 17 жастағы Ясминаның анасы қапыда қызынан көз жазып қалып, күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылған. Денсаулығы да сыр бере бастаған. Айтуынша, Ясмина олардың рұқсатынсыз ешқашан сыртқа шықпаған.
"Шертаева Ясмина ол кезде 16 жаста еді, қазір 17-ге толды. Таңертең тұрсақ, қызым үйде жоқ. Бәріміз іздедік. Сосын полицияға хабарластық. Жан-жақтағы видеокамераларды аша бастадық, өзіміз, жедел түрде. Бірінші кафе "Дастарханда" түскен екен, сағат түнгі 11 жарымда. 22-сі күні үйден шығып кеткен, біз ұйықтап жатқанда. Сонымен ар жақта бір мейрамхана бар, соңғы рет сол жерде көрінген. Үйде ешқандай ұрыс-керіс болған жоқ", - дейді анасы Гүлнар Шертаева.
Ясмина Алматыдағы тек қыздар оқитын мектепте білім алыпты. Тігінші болуды армандаған. Жуырда ол құрбысына "аманмын, алаңдамаңдар" деп, жасырын нөмірден қоңырау шалыпты. Басқа ештеңе айтпаған көрінеді. Оның кіммен, қайда жүргені белгісіз.
"Мен тігінші болғым келеді, әке" деді. "Мақұл онда айлығыңды жина, үстіне ақша қосып, қымбат, жақсы тігін машинкасын әпереміз, ателье соғып береміз, оқи бер, үйрене бер, ары қарай біз көмектесеміз" деп, екі жақтан қолдадық. "Мақұл" деп, екеуіміз ОЛХ-тан тігін машинкаларын қарай бастадық. Кетер алдында сол тақырып болған. Содан бері басқа мәлімет жоқ. Барлық жаққа хабарлама беріп жатырмыз", - дейді Гүлнар Шертаева.
Анасының айтуынша, Ясминаның үстінде сұр спорт киімі, ақ түсті бас киімі болған. Бойы 155 сантиметр. Ясмина хабарсыз кеткен күні отбасы бірден полицияға жүгінген. Содан бері тәртіп сақшылары оны жер-жерден іздеп жатыр. Бұл жұмысқа еріктілер де жұмылдырылған.
"Болуы мүмкін деген орындар тексеріліп, оның жоғалуына қатысты барлық мән-жай анықталуда. Жоғалған қызды іздестіру оның жүрген жері анықталғанға дейін жалғасады", - деп пікір білдірді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайділдин.
Жасөспірімнің ата-анасы ол аман-есен табылса деп тілеп отыр. Егер Ясмина Шертаеваны көрген-білген адам болса хабар беруді сұрайды.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Оригинал статьи: https://kaz.nur.kz/society/2428677-amanmyn-alangdamangdar-almaty-oblysynda-zhogalgan-17-zhastagy-iasminany-ali-izdep-zhatyr/
